Су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтар несие бойынша борышын кейін төлей алады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық екінші деңгейлі банктер су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға несие бойынша борышын өтеу мерзімін кейінге қалдыруға дайын.

Кредит
Фото: freepik.com

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының хабарлауынша, банктер су тасқынынан зардап шеккендер санатына жатқызылған жеке және заңды тұлғаларға несие бойынша борыштарын өтеу мерзімін 2024 жылдың 1 сәуірінен 30 маусымына дейін кейінге қалдыруға дайын екенін растады.

Тиісті тізімдерді әкімдіктер шығарады. Бұл тізімдерге кірген азаматтарға төлемді кешіктіргені үшін айыппұл мен өсімпұл салынбайды.

Жақын арада банктер өз сайттарында және әлеуметтік желілерде кейінге қалдырылған борышты өтеу бойынша мерзімді ұзартуды ұсынудың нақты механизмдерін, сондай-ақ өтінімдерді беру алгоритмін және одан кейінгі әрекеттерді жариялайды.

Бүгін Су тасқынына қарсы шараларды үйлестіру және қарғын су жүру кезеңінің салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін Үкіметтің, әкімдіктердің және «Қазақстан халқына» қорының қаржысын пайдалануды тапсырды.

Сондай-ақ Президент отандық бизнестен шетте қалмай, азаматтарға көмектесуге шақырды.

Бұған дейін Астанадан өңірлерге 30 тоннадан астам гуманитарлық көмек жіберілгені туралы хабарлаған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар