Су тасқынынан зардап шеккен құлсарылық тұрғын жаңа үйінде дауыс берді
АТЫРАУ. KAZINFORM – Көктемгі су тасқынынан зардап шеккен Құлсары қаласының тұрғыны жаңа үйінде дауыс берді.

Жылыой аудандық аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, мұнда 24 референдум учаскесі құрылған. Дауыс берушілер тізіміне 48 мың 473 адам енгізілген.
Дауыс берушінің бірі – Бауыржан Жасақбаев. Биыл сәуірде Жем өзені арнасынан асып, Құлсары қаласына кірген тасқын судан оның үйі бүлінген.
«Жақында «Болашақ шағын ауданында салынған жаңа үйге көшіп келдік. Алайда, денсаулық жағдайыма байланысты референдум учаскесіне бара алмадым. Менің өтінішімді ескерген референдум комиссиясының мүшелері үйіме келіп, дауыс беруіме мүмкіндік жасады. Ел азаматы ретінде референдумнан тыс қалмай, өзімнің дауысымды бердім. Өйткені, бұл рефередумда әр дауыстың зор маңызға ие екенін білемін», - дейді Бауыржан Жасақбаев.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын «Теңіз» кен орнында 10 мың жұмысшы 7 пунктте өз таңдауын жасағанын жазған едік.
Сондай-ақ, Атырау облысында 104 жастағы әже үйінде дауыс бергенін хабарладық.
Ал, әскерден оралған егіз сарбаз бен егіз зейнеткер учаскеге бірге келді.