Тасқыннан зардап шеккендерге сөзбен емес, ісімізбен қолдау білдірейік - Серік Сәпиев
АСТАНА. KAZINFORM - Ұлттық Олимпиада комитетінің вице-президенті, бокстан Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев Instagram желісіндегі парақшасында еліміздегі су тасқынына қатысты пікір білдірді.

«Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үндеу жасап, зардап шеккен әрбір адамға көмек көрсетілетінін айтты. Біз өз кезегімізде Астанадағы волонтерлермен және белсенділермен бірге қаражат жинап, зардап шеккен аймақтарға жүк көліктерін жөнелтіп жатырмыз, яғни, қоғам болып, бар күшімізді салудамыз. Сондықтан, қымбатты достар, бірлігіміз мықты болып, біріге жұмылайық. Қиындықтарды бірге жеңейік. Себебі, бәрі өтпелі. Бұл қиындықтан да өтеміз.
Құрметті отандастар! Еліміздегі су тасқынынан зардап шеккендерге сөзбен емес, іс жүзінде көмек көрсетейік!» - деді Серік Сәпиев.
Еске сала кетейік, бұған дейін Бас прокуратура су тасқынына байланысты 4 тергеу жұмысын бастағанын жазған едік.
Сондай-ақ Мемлекеттік материалдық резервтен су басқан өңірлерге қандай көмек бөлінетіні белгілі болды.