Су тасқынының алдын алу: ел өңірлерінде қандай жұмыс істеліп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев ел өңірлерінде су тасқынына қарсы қандай жұмыстар атқарылып жатқанын мәлімдеді.

— Мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, қауіпті учаскелер мен гидротехникалық құрылыстар бақылауға алынды, су тасқынын болдырмау іс-шараларының іске асырылуы тексерілді. Өңірлерде 590 шақырым қорғаныс бөгеттері мен біліктеріне жөндеу жұмыстары жүргізіліп нығайтылды, 164 шақырым дренаж жүйесі жөнделіп салынды, 658 шақырым каналдар мен арықтар тұрғызылды. Өзен арналарындағы 360 шақырым жағалау бекітіліп, түбін тереңдету жұмыстары жүргізілді, 190 шақырым өзен аумағы тазартылды, — деді ол Үкімет отырысында.
Сондай-ақ вице-министр 10 ақпаннан бастап Командалық орталықтың базасында Су ресурстары, Ішкі істер, Көлік, Цифрландыру министірлілектері және Қазгидромет өкілдерінің қатысуымен су тасқынына қарсы жедел штаб іске қосылғанын және қазіргі кезде барлық өңірде осындай штабтар жұмыс істеп жатқанын атап өтті.
— Су тасқыны кезеңі басталғаннан бері елде шамамен 4,3 млн текше метр су сорылды, алты жүз мыңнан астам құм салынған қап төселіп, сегіз жүз шақырымнан астам арық тазартылды. Алдын ала 383 адам эвакуацияланды. 51 мыңнан астам мал қауіпсіз орындарға айдалды, барлығы кері қайтарылды. Автомобиль жолдарын су шайған 176 жағдай мен су жырып өткен 25 учаске тіркелді. Қазіргі таңда бақылауда тұрған 21 автожол мен су жырып өткен 5 учаске бар. Министрлік су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру мен күн сайын оларға мониторинг жүргізу жұмыстарын жалғастырып жатыр, — деп түйді сөзін Кеген Тұрсынбаев.
Айта кетелік Премьер-министр Олжас Бектенов Ақмола облысындағы су тасқыны кезінде екі ауданның әкімі жағдайды бақылаудан шығарып алғанын айтқан еді.