Су тасқынының салдары: Атырауда кәсіпкердің жер теліміне бөгет салынған

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысының кәсіпкерлері былтырғы су тасқынының салдарын әлі тартып отыр. Бөгет салу кезінде кәсіпкер Вячеслав Орловтың жер телімі екіге бөлінген. 

бөгет салу
Фото: Ақтөбе облысы әкімдігі

Кәсіпкердің айтуынша, 2022 жылдың қазан айында Махамбет ауданындағы Бейбарыс ауылынан 2,7 гектар жер телімін жеке иелігіне алған. Құс фабрикасының құрылысын жүргізу үшін былтырғы жылдың басында жер телімін қоршаған. Жері теліміне трансформаторлық қосалқы станса орнатқан. 

– Алайда өткен жылғы су тасқынынан қорғау үшін салынған жер телімімді бөгет екіге бөліп тастады. Бірақ менің иелігімдегі жер теліміне бөгет салу туралы ешкім хабарлаған жоқ. Мен бөгет салуға рұқсатымды бермедім. Бөгет үшін қолданылған топырақ үйіндісінен жер телімін қоршауға салған 38 бетон бағанасы бүлінді. Қазір иелігімдегі жер телімі екіге бөлініп тұр. Сол себептен бизнес жоспарымды бастай алмай отырмын, - дейді Вячеслав Орлов. 

Оның айтуына қарағанда, осы мәселені оң шешу үшін бірнеше әкімдікке жүгінген. Нақтылай айтқанда, Бейбарыс ауылдық округінің, Махамбет аудандық және Атырау қалалық әкімдігіне хат жазған. 

– Бірақ тұщымды жауап алмадым. Олар тек менің хатымды бір-біріне жіберіп отыр. Амалым таусылған соң Атырау облысының кәсіпкерлер палатасына жүгіндім, -деп мәлім етті Вячеслав Орлов. 

Махамбет аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Ақылбек Сәлиевтің мәліметінше, су тасқыны салдарынан зардап шеккен кәсіпкерлердің тізімі жасақталған. Алайда шағым айтқан кәсіпкердің жер телімі арқылы салынған бөгет Атырау қалалық әкімдігі тапсырысымен жүргізілген. 

– Біздің ауданнан су тасқыны кезінде шамамен 105 кәсіпкерлік субъектісі зардап шекті. Қазір оларға өтемақы төлеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Зардап шеккен кәсіпкерлердің арасында Вячеслав Орлов жоқ. Өйткені біздің балансқа оның жер телімі арқылы өтетін бөгет алынбаған, - дейді Ақылбек Сәлиев.

Кәсіпкерлер құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің Атырау облысы бойынша сектор меңгерушісі, облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Сәрсенбай Жолдыбаевтың пікірінше, бұл істе кәсіпкердің құқығы бұзу дерегі бар. 

– Қолданыстағы заңнамаға сәйкес түйткілді мәселені шешудің екі тетігі бар. Біріншісі – кәсіпкерге өтемақы төлеу, ал екіншісі – ауманы мен құны жағынан ұқсас басқа жер телімін беру. Осыған байланысты тиісті органдарға ұсыныстар жіберіледі. Егер олардың жауабы мен мәселені шешу тұрғысындағы ұсынысы кәсіпкерді қанағаттандырмаса, біз оның мүддесін сотта қорғауға дайынбыз, - деп мәлім етті Сәрсенбай Жолдыбаев. 

Еске сала кетелік, бұған дейін Атыраулық кәсіпкердің дүкенінде 3,7 млн теңгенің алкоголі заңсыз сақталғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар