Су тасқынына байланысты БҚО-ның Тасқала ауданынан адамдар көшіріле бастады

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен хабарлағанындай, Кузнецов елді мекенінде шетте орналасқан бір үйдің ауласына су кірді. Тасқала ауылында Деркөл өзені жағасында орналасқан үйлерден 7 адам көшірілді, олардың бесеуі - бала. Бұлардың барлығы туысқандарына орналастырылды. Суға кеткен тұрғын үйлер мен шаруашылық нысандары жоқ.
Тасқала ауданында ҚР ТЖМ күш-құрылымдары күшейтілді. Құтқарушылардың жалпы саны - 32, 5 техника, 3 жүзу құралы бар.
Зеленов ауданының Зеленый ауылында қорғаныс бөгенін нығайтуға 90 адам, 15 техника қатыстырылуда. Мұнда ақтөбелік құтқарушылардан қосымша күш жіберілді.
Жәнібек, Қазталов, Ақжайық аудандарында да су тасқынының алдын алу жұмыстары жалғасуда. Облыс орталығында Зачаган кентіндегі Сарытау шағынауданында құм толтырылған қапты қоюға ҚР ІІМ ішкі әскерлері 5517-әскери бөлімінің 30 сарбазы да қатысуда.
Мұнда 65 техника, 61 мотосорғы, 264 адам қатыстырылуда.
Облыс аумағында жолға су шығып кеткен жерлер баршылық, олар үнемі бақылауда.