Су тасқынынан кейін қалпына келтірілген Алматы облысының Қызылағаш ауылында штабтың қорытынды отырысы болып өтті
Ақсу ауданындағы елді мекендерде табиғат апатының зардабын жоюды жеделдету бойынша қолға алынып жатқан шаралар туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Амандық Баталов баяндады.
Оның сөзіне қарағанда, Ақсу ауданындағы «Қызылағаш» су бөгенінің ашылып кету салдарынан орын алған төтенше жағдайдың зардаптарын жою үшін әртүрлі көздерден 7,492 млрд. теңге келіп түскен. ҚР мемлекеттік материалдық қоры мен қайырымдылық ұйымдардан 245,3 млн. теңге көлемінде азық-түлік пен мүліктік заттар жеткізілген.
«33 адамнан тұратын құтқарушылар тобы, су-құтқару қызметі, Талдықорған өңірі бойынша ауылды қорғау жедел тобы, Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдері, ҚР ТЖМ мен ІІМ және басқа да топтар жұмыс істеді. 2820 адам қауіпсіз жерлерге көшіріліп, 385 адам құтқарылған», - деп атап өтті А.Баталов.
Қысқа уақыт ішінде электр жарығы мен телефон байланысы, ауыз судың жеткізілуі қалпына келтірілді.