Су үнемдеу технологияларын қолдана отырып суармалы жерлер кеңейеді
АСТАНА. KAZINFORM – Су беру жөніндегі қызметтердің құнын субсидиялау және шығыстардың бір бөлігін өтеу жөніндегі Ауыл шаруашылығы министрлігінің функцияларын Су ресурстары және ирригация министрлігіне беру туралы шешім қабылданған. Бұл туралы Үкімет мәлім етті.

Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасын орындау шеңберінде Үкімет Су ресурстары және ирригация министрлігіне су үнемдеу технологияларын енгізуге арналған инвестициялық салымдар кезінде су беру жөніндегі қызметтердің құнын субсидиялау және шығыстардың бір бөлігін өтеу жөніндегі Ауыл шаруашылығы министрлігінің функцияларын беру туралы шешім қабылдады.
Тұтастай алғанда, қабылданған функциялар суару кезінде су үнемдеу технологияларын енгізу есебінен шаруалардың су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелерін кешенді шешуді қамтамасыз етеді.
— 2024 жылы су үнемдеу саясатын одан әрі іске асыру және фермерлерді су үнемдеу технологияларына көшуге ынталандыру үшін негіз қаланды — инфрақұрылымды жүргізу кезінде ұңғымаларды бұрғылауға, сондай-ақ су үнемдеу технологияларын сатып алуға және орнатуға фермерлердің шығындарын өтеу үлесі 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтылды, тариф құнына байланысты субсидиялардың сараланған мөлшері енгізілді, — делінген хабарламада.
Аталған жаңа өзгерістерді жүзеге асыру нәтиже көрсетті. 2024 жылы суару кезінде су үнемдеу технологиялары қолданылатын алқаптар 158 мың гектарға дейін ұлғайды: оның ішінде 60 мың гектары жаңбырлату жүйелерін пайдалана отырып суарылады, 40 мың гектары — тамшылатып суару және 58 мың гектары лазерлік жоспарлаушымен тегістелді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректеріне сәйкес, өткен жылдың қорытындысы бойынша су үнемдеу технологиялары бар суармалы жерлердің жалпы ауданы 470,1 мың гектарды құрады. сонымен қатар 2030 жылға қарай су үнемдеу технологияларын қолдана отырып, суармалы жерлердің ауданын 1,3 млн гектарға дейін кеңейту жоспарланып отыр.
Еске сала кетейік, бүгін Су шаруашылығы қызметкерлері кәсіби мерекесін атап өтеді.