Су үнемдейтін өзбекстандық фермерлерге салықтық жеңілдіктер ұсынылады

2025 жылдан бастап Өзбекстанда су үнемдеу технологияларын енгізген шаруаларға салық жеңілдіктері беріледі. Бұл Өзбекстан басшысының «Су ресурстарын басқару жүйесін жетілдіру және олардың тиімділігін арттыру шаралары туралы» 2024 жылғы 5 қаңтардағы қаулысында жазылған, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Су
Фото: pixabay.com

Тиісті құжат суды пайдалану мәдениетін арттыруға және халық санасында қалыптасқан «су тегін» деген пайымнан арылтуға бағытталған.

Қаулыға сәйкес, 2025 жылдан бастап суды үнемдейтін технологияларды енгізу және өлшеу құралдарының негізінде су жинау көлемін анықтау барысында салық ставкасына 0,5 төмендету коэффициенті қолданылады.

Егер аталған талаптардың бірі орындалса, онда салық ставкасы 0,7 коэффициентке дейін төмендейді.

Ал су үнемдеу технологиялары мен су өлшеу аспаптары болмаса, онда салық ставкасына 1,5 арттыру коэффициенті қолданыла отырып есептеледі.

Аталған технологияларды енгізу үшін фермерлерге 2024 жылдан бастап 2 жылдық жеңілдікті кезең және 14 пайызбен 5 жылға несие беріле бастайды. Бұл ретте Қарақалпақстан мен Хорезм облысында шаруалар кредиттің жылдық 10 пайызын ғана төлейді, ал қалған 4 пайызы мемлекеттік бюджет есебінен өтеледі.

Еске сала кетейік, бұған дейін Өзбекстан суды үнемдеу үшін төтенше жұмыс режиміне көшетінін хабарлаған болатынбыз.