Су жүйесін жабдықтау және қайта құру: арнаулы мемлекеттік қордан қосымша 161 млрд теңге бөлінді
АСТАНА. KAZINFORM – Үкімет басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев сумен қамту жұмыстарына қатысты құзырлы органдар мен әкімдіктердің тапсырмасын еске салды.

- Биыл республикалық бюджет, яғни Су ресурстары және ирригация министрлігі есебінен сумен жабдықтау жүйесін салуға және қайта құруға 124 млрд теңге қарастырылған. Басталған жұмыстарды аяқтауға екі траншпен арнайы мемлекеттік қордан қосымша 161 млрд теңге бөлінді. Осы жұмыстарды тиісті мерзімде аяқтау үшін құзырлы органдар мен әкімдіктер жұмыс барысын қатаң бақылап, жыл соңына дейін аяқтау қажет, - деді Қанат Бозымбаев Үкімет отырысында.
Бұған дейін Үкімет басшысы Олжас Бектенов іске асырылу мерзімі созылып кеткен таза ауыз су жобаларын атады.
Айта кетейік, 2027 жылға дейін су есептеу жүйесін толық цифрландыру жоспарланып отыр.
Елімізде ұлттық су ресурстары ақпараттық жүйесі әзірленіп жатыр.