Су алу лимиті: Ереже бұзған шаруаларға қандай шара қолданылады
АСТАНА. KAZINFORM — Үкімет күні кеше 5 облысқа арналған су пайдалану шегін белгілеген еді. Егін суаруда оны сақтамаған азаматтарға айыппұл салынады. Бұл жөнінде ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов мәлімдеді.
Су лимиті қойылған аймақтарды еске салсақ, Қызылорда облысы үшін 3,2 млрд текше метр, Алматы облысы — 2,1 млрд текше метр, Жетісу облысы — 1,8 млрд текше метр, Жамбыл облысы — 1,2 млрд текше метр, Түркістан облысы үшін 3,8 млрд текше метр су шегі бекітілген.
— Аталған өңірлерде су алуға лимитті енгізіп қана қоймай, шаруалар мен «Қазсушар» РМК арасында келісімшарт жасалады. Құжатта шаруалардың қандай дақыл егетіні және қанша су пайдаланатыны жазылады. Егер келісімшартта көрсетілген мөлшерден артық су пайдаланса, Табиғи монополияларды реттеу заңы бойынша, шаруаға 20% көлемінде айыппұл салынады, — деді Е.Ибрайханов.
Сонымен қатар, ол ережені сақтамаған диқандарға қолданылатын басқа да шараларды түсіндірді.
— Егер шаруа жүгері егемін деп күріш ексе, 50% үстемақы төлейді. Ал егер келісімшартсыз егін ексе, белгіленген сомадан 100% артық төлейді. Бұл — бір шара. Сонымен қатар, ережені бұзған шаруалардың субсидия алуында қиындықтар туындайды. Үшіншіден, келісімшарттағы көлемнен артық егін егіп, су жетпесе, су тасымалдаушы ретінде біз оған жауап бере алмайтынымызды шаруалар түсінуі қажет. Сондықтан, мысалы, Қызылорда облысында 70 мың гектар күріш егіледі деп бекітілді ме, содан аспауы керек, — деді вице-министр.
Сондай-ақ ол су лимиті сақталуы қатаң қадағаланатынын атап өтті.
Айта кетейік, бұған дейін су арналарын цифрландыру суармалы судың бағасын қымбаттатпайтынын жазғанбыз.