Суармалы егістіктерге су тарифтерін белгілеудің жаңа әдістемесі әзірленеді

АСТАНА. KAZINFORM — Су үнемдеу технологиялары бойынша тарифтер сараланып белгіленеді. Бұл туралы ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов мәлім етті.

коммуналдық қызметтер
Фото: Pixabay

- Суды үнемді пайдалануды ынталандыруда тарифтік саясат шешуші рөл атқарады. Осыған орай қазіргі таңда суармалы судың тарифтерін белгілеудің жаңа әдістемесі әзірленіп жатыр. Жаңа тәсіл бойынша тарифтер ауыл шаруашылығы дақылдарының түрлеріне, тұтынылатын судың көлеміне, сондай-ақ су үнемдеу технологияларының қолданысына қарай сараланып белгіленетін болады. Бұл шара суды ұтымды пайдалану мен үнемдеуге ынталандыруды күшейтуге бағытталған, - деді Н. Нұржігітов Парламент Мәжілісіндегі су шаруашылығы саласын реформалау тақырыбындағы Үкімет сағатында.

Оның айтуынша, бұл ретте Мемлекет басшысының суармалы су қызметтеріне тарифтік саясатты жетілдіру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Су ресурстары министрлігіне Ұлттық экономика министрлігінен суармалы суға тарифтік реттеуіш функциялары берілді. Осы мақсатта Ұлттық экономика министрлігімен бірлесе отырып, «аз тұтынсаң — соғұрлым аз төлейсің» қағидатына негізделген ауыз суға сараланған тарифтер жүйесі енгізілді.

- Бұл жүйе халықты су ресурстарын ұқыпты пайдалануға ынталандырып, тұтыну көлеміне қарай әділ әрі үнемді төлем тәртібін қамтамасыз етуге бағытталған. Алдын ала деректер бойынша алты өңірде (Алматы, Шымкент қалалары, Ақмола, Түркістан, Ұлытау, Ақтөбе облыстары) сараланған тарифтерді енгізу нәтижесінде ай сайын орта есеппен 1,6 миллион текше метр су үнемделіп отыр. Бұл арқылы шамамен 900 миллион теңге көлемінде қаражат жиналып, ол су құбыры желілерін жаңғыртуға бағытталады, - деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстанда су үнемдеуге мүмкіндік беретін мажарлық препаратты сынақтан өткізудің алғашқы кезеңі аяқталды.

 

Соңғы жаңалықтар