Субсидия «сыйы»: Шаруалар түлікті асылдандыруға асығып жатыр

ауыл шаруашылығы
Фото: Максат Шагырбаев/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Шаруа қожалығын құрған азаматтар мал басы санын көбейтуді мақсат етіп қана қоймай, асылдандыру жұмыстарына баса мән беріп отыр. Себебі өнімнің сапасын арттыруға мүмкіндік бар. Асылдандыруға бет бұрғандарға мемлекет тарапынан берілетін субсидия мөлшері де аз емес.

Елімізде, әсіресе, ірі қараны асылдандыру жұмыстары жүйелі жалғасып жатыр. Ауыл шаруашылығы министрлігінің агенттік тілшісіне берген мәліметіне сүйенсек, 2010 жылы Қазақстанда 344,1 мың бас асылтұқымды ірі қара тіркелсе, 2022 жылы көрсеткіш 1 128,6 мың басқа артқан.

«Сүтті бағытта 137,2 мың бас, сүтті-етті бағытта 153,1 мың бас және етті бағытта 838,6 мың бас сиыр тіркелді. Көбіне қазақтың ақбас сиыры, голштин, қара-ала, герефорд, қалмақ, әулиекөл, симментал, ангус тұқымды ірі қара өсіріледі. Ірі қара мал шаруашылығын дамыту үшін мемлекет тарапынан қолдау шаралары қарастырылған. Атап айтсақ, 2022 жылы етті және сүтті бағыттағы ірі қара шаруашылығын дамытуға 60 млрд теңге қаражат бөлінсе, 2023 жылы шамамен 70 млрдтан астам қаражат берілді», – дейді Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.

Асылтұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларына сәйкес, ірі қара мал шаруашылығын қолдау үшін субсидиялаудың бірнеше түрі бар. Мәселен, асылтұқымды аналықты ТМД елдерінен, Украинадан сатып алсаңыз әр басқа 225 мың теңге беріледі. Ал Аустралиядан, Солтүстік және Оңтүстік Америка елдерінен, Еуропа елдерінен әкелінген, сатып алынған ірі қара үшін 300 мың теңге қарастырылған. Асылдандыру жұмыстары ел ішінде жүргізілсе, 150 мың теңге субсидия үлестіріледі.

Соңғы жаңалықтар