Субсидияға қатысты қағида жыл соңына дейін өзгермейді - А.Мырзахметов

Министр сөз арасында ауыл шаруашылығы саласындағы субсидиялау мәселесіне тоқтала келе, ондағы қағидалардың жыл соңына дейін өзгермейтінін мәлім етті. Оның айтуынша, қазіргі күні тиімсіз субсидиялардың күшін жойып, тиімді түрлеріне көшу бойынша ұсыныстар әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Осы мақсатта министрлік Мәжіліс депутаттары, бизнес және ғылыми қауымдастықпен, қоғамдық ұйымдар өкілдерінің, сондай-ақ әкімдіктер мен басқа да мемлекеттік органдардың қатысуымен жұмыс тобын құрған.
Бұдан бөлек, «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында жыл сайын агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдау көлемі ұлғаюда. Атап айтқанда, 2015 жылы агроөнеркәсіп кешенін субсидиялау көлемі 173,3 млрд. теңгені құрап, көрсеткіш 2014 жылға қарағанда 18,1 пайызға артқан. Ал 2016 жылы АӨК-ні мемлекеттік қолдау көлемі 182,7 млрд. теңге деңгейінде жоспарланып отыр.