Судьялар бір күнде 16 шешім шығарады - Жақып Асанов

"Мұндағы басты себептердің бірі - судья жүктемесінің жылдан-жылға өсуі болып отыр. Бес жыл бұрын сот жүйесі жылына 1 млн 300 мың іс қараса, 2017 жылы бұл көрсеткіш екі есе ұлғайып, 2 млн 700 мыңға жеткен. Сонда бір мезетте әрбір судьяның өндірісінде орта есеппен 100 іс пен материал бар, Астана мен Алматыда 300-ге дейін жетеді. Яғни, судьялар күніне 16 іс пен материал бойынша шешім қабылдайды", - деді Жақып Асанов.
Сондай-ақ, Жоғарғы Сот төрағасы судья шешіміне заңнамадағы кемшіліктердің де ықпал ететінін жасырмады.
"Екіншіден, біздің заңнамамызда көп жағдайда нақтылық жоқ. Былай да шешуге болады, былай да шешуге болады. Ал заңнаманың кемшілігі ертең судьяның кемшілігі болады. Өйткені әрбір тарап сол заңды өз пайдасына қабылдайды. Басты себептер бұл емес, ең басты себеп - судьялардың сөз шеберлігінің аздығы. Біз сот актісін негіздеп түсінікті тілмен жаза білмейміз, жазғанымызды қарапайым тілмен түсіндіре алмаймыз, сендіре алмаймыз. Сондықтан да адамдар судьяның не себепті осындай қорытындыға келгенін түсінбейді. Түсінбегендіктен, сот залынан судьяға ғана емес, бүкіл мемлекетке өкпелеп шығады", - деді Жоғарғы Сот Төрағасы.