Судьялардың әдеп кодексінің жобасы қоғам үшін де маңызды (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінгі таңда елімізде кеңінен талқыланып жатқан Судьялардың жаңа әдеп кодексінің жобасы тек судьялар корпусы ғана емес, тұтастай қоғам үшін де маңызды. Бұл туралы Орал қаласындағы Достық үйінде «Жаңа Судьялар әдебі кодексі - «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асырудың көрінісі» деген тақырыпта өткізілген конференцияда айтылды.
None
None

БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, жиынды кіріспе сөзбен ашқан Батыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы Бек Әметов 1996 жылы 19 желтоқсанда судьялардың бірінші съезінде қабылданған Судьялар әдебі кодексі айтарлықтай ескіргенін және ол судьялардың этикалық жүріс-тұрыс ұстанымдарындағы көптеген бағыттарды қамтымайтындығын, сондай-ақ нақты шектеулердің болмауы келеңсіздіктердің орын алуын тудыратын бірден-бір жағдай болып табылатындығын, осығай орай жаңа кодексті қабылдауға қажеттілік туындағандығын атап көрсетті.

Облыстық сот төрағасы сондай-ақ жобаны ҚР Судьялар одағының орталық кеңесі судьялар корпусының талап-тілектері мен ұсыныс-пікірлерін ескере отырып жасақтағанына және онда аталған актілерді қабылдаудың халықаралық тәжірибесі де ескерілгендігіне тоқталды. Кодекстегі белгіленген қағидалар мен ережелер, лауазымына қарамастан барлық судьяларға және доғарыстағы судьяларға міндетті болып табылады. Кодекс жобасында қызметтегі судьяларға талап күшейтілген. Судьялардың жаңа әдеп кодексі судьялардың жүріс-тұрыс ұстанымдарының Банголор қағидаттары негізінде және басқа да халықаралық кәсіби этикалық ережелердің стандарттарына сай жасалған.

Ұлт Жоспарына сәйкес республиканың Судьялар одағы әзірлеген бұл жобада «Судьялар мінез-құлқының Банголор қағидаттары», Сот билігі тәуелсіздігінің мәселелері бойынша Киев конференциясының ұсынымдары (2010 ж.) ескерілген. Жаңа кодекс 2016 жылдың күзінде өтетін Судьялардың жетінші съезінде қабылданады деп күтіліп отыр. Кодекс жобасы судьялар қауымдастығымен келісіліп, Жоғарғы сот жанындағы халықаралық кеңестің отырысында мақұлданды. Қоғамда кеңінен талқылау үшін ол еліміздің Жоғары сот органының сайтына орналастырылған. Кодекс жобасы жуырда халықаралық сапапшылардың оң бағасын алды. Айта кетейік, биылғы 10-11 маусымда Венеция қаласында өткен Демократияға құқық арқылы еуропалық комиссиясының 107-жалпы отырысында қазақстандық Судьялардың жаңа әдеп кодексінің  жобасы мақұлданып, бекітілді. Құрамына Еуропа елдеріне мүше барлық 47 мемлекет кіретін бұл беделді халықаралық ұйымға Қазақстан 2011 жылдың қарашасында мүшелікке өткеннен бері комиссия елімізге демократияға құқық арқылы өту мәселелері бойынша елеулі мәселелер бойынша кеңес беріп келеді. Судьялар әдебінің жаңа кодексін бүкіл қоғам өкілдері болып талқыға салып, тиісті толықтырулар мен жаңашылдықтар енгізу арқылы тәуелсіз елдің қазіргі сот билігі өкілдерінің келбетіне қойылатын талаптар жаңа сапалық деңгейге көтерілетіні сөзсіз.

Конференцияда Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгіновтің, облыстық сот судьясы - ҚР Судьялар одағы БҚО филиалының жанындағы Судьялар әдебі жөніндегі комиссияның төрағасы Хабиболла Аманқұловтың сөздерінде судьялардың жаңа Әдеп Кодексін қабылдаудың мән-маңызы одан әрі жан-жақты ашыла түсті.

Таяу болашақта әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына қосылуды мұрат тұтқан еліміздің халықаралық қауымдастықтан лайықты орын алуы үшін заңдарымыздың ізгі, сот билігінің дүниежүзілік стандарттарға сай болуының барша мүмкіндіктері қарастырылып отыр. Жаңа дәуір соттарының шынайы мәртебесін - судьялардың біліктілігі мен білімдарлығы, ар-ождан тазалығы мен абырой-беделі, іскерліктері мен адамгершілік бет-бейнелері айқындайды. Ұлт жоспарының 100 нақты қадамы бойынша Жоғарғы сотқа жүктелген барлық 11 қадам қысқа уақыт ішінде жүзеге асырылып, сот жүйесінің қызметіне жағымды өзгерістер алып келді.

Судья лауазымына кандидаттарды іріктеу тетіктері мен біліктілік талаптары қатаңдатылды. Мемлекет басшысы бес институттық реформаны жүзеге асыруды көздеген Ұлт жоспарының 19-қадамында судьялардың есеп беру тәрті­бін күшейтіп, судьялардың жаңа этикалық кодексін жасақтау мәселелерін міндеттегені белгілі. Осыған орай Судьялар әдебі кодексінің жаңа жобасы әзірленді. Судья сот төрелігін атқару барысында ұдайы шиеленістер мен қайшылықтар алаңында тұрады. Бұл олардың мейлінше ұстамды, сабырлы, салиқалы, іскер де тапқыр, тез шешім қабылдай алатын. жоғары парасат иесі болуын талап етеді.

Жаңа кодекс бұрынғыға қарағанда ауқымды және судьяның жалпы этикалық ұстанымдары мен кәсіби қызметін атқару кезіндегі, отбасы мен тұрмыстағы әдеп ұстанымдары бөлек-бөлек үш тарауда берілген. Судьялардың жаңа әдеп кодексі еліміздің бұдан былайғы даму кезеңдерінің міндеттерін орындауға лайықты қызмет етіп, соттардың беделі мен судьялардың мәртебесін көтереді деген сенім бар.

Батыс Қазақстан облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы, Қазақстан Судьялар одағы БҚО филиалының төрағасы Исатай Сматов өзінің баяндамасында «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» конституциялық заңның негізгі қағидаттарымен таныстырды.

Конференцияда сондай-ақ Судьялар әдебі жөніндегі комиссияның мүшелері Тұрсын Оразова, Есенбай Боранбаев жаңа кодекс жобасының әр тарауы бойынша жеке-жеке баяндамалар жасады.

Әділ сот билігін атқаруға құзіреттілік берілген кешегі өткен билер де, қазіргі судьялар да халықтың мұң-мұқтажын, талап-тілегі мен шағым-өтініштерін тыңдап, шындықтың жағын жақтап, өзі өмір сүрген қоғамының әділдік ұстанымдарына қызмет етіп келеді. Олардан кәсіби ерекшеліктеріне қарай заңдарды, елдің салт-дәстүр, жөн-жоралғыларын жақсы ғана біліп қоймай, қоғам алдындағы жауапкершілігін терең сезініп, қабілетімен ғана емес, жеке бастарының қадір-қасиетімен де үлгі-өнеге көрсете білуі талап етіледі. Мемлекеттік биліктің осы жоғары лауазым иелері - судьялар бүгінде өздеріне берілген зор құзіреттілікті адал атқара отырып, моральдық-адамгершілік келбетіне қылау түсірмес үшін қоғам мен мемлекеттің алдында белігі бір шектеулер мен міндеттемелерді де жауапкершілігіне алған.

Өз сөзін қазақ қоғамындағы ежелгі билер дәстүрінен сабақтаған судья Есенбай Нұрлыбайұлының мына бір ұсынысы назар аударады. Оның ойынша жаңа кодексті жасақтауда басшылыққа алынған Банголор қағидаттарындағы және басқа құжаттардағы барлық негізгі ұстанымдар ежелгі билер сотының ұстанымдарымен толық сай келеді. Сондықтан Кодекстің кіріспе бөлігін «Қазақ қоғамындағы тарихи қалыптасқан ежелгі билер сотының қағидаларын басшылыққа ала отырып» деген сөйлеммен бастау қажет дейді. Қазақ сотында билер дәстүрі ескерусіз және ұмыт қалмауы тиіс. Бұл біздің ұлттық сот төрелігінің ерекшелігі болып қалуға тиісті.

Конференцияға қатысушылар Судьялардың жаңа әдеп кодексінің жобасына қатысты ой-пікірлерін ортаға салды. Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялар жүйелер университетінің басшысы, профессор, облыстық сот жанындағы қоғамдық кеңестің хатшысы Ақсерік Әйтімов, «Конституционализмді және демократияны дамыту институты» қоғамдық қорының атқарушы директоры Мереке Ғабдуалиев, Батыс Қазақстан облысының «Заман» өнім өндірушілер ассоциациясының жетекшісі, БҚО соты жанындағы соттармен өзара ықпалдастық жөніндегі кеңестің мүшесі Айгүл Түркина Судьялардың жаңа әдеп кодексінің жобасына жан-жақты талдау жасап, өз ұсыныстарын білдірді. Конференцияда бірқатар назар аударарлық ұсыныс-пікірлер болды. Мәселен, «Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстандағы халықаралық бюро» Батыс Қазақстан қоғамдық бірлестігінің өкілі Павел Кочетков және басқалары жобаның 30-бабындағы судьяның көпшілік орындарға, ресторандарға барудан аулақ болуы жөніндегі қағидаттардың адамның, соның ішінде жоғары лауазым иесі судьяның да құқығын шектейтіндігін айта келіп, бұл бапты өзгертуді немесе мүлде алып тастауды ұсынды.

null null null

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жария еткен 5 институционалдық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам - Ұлт жоспарында құқық тәртібі және заңдылық мәселесіне ерекше назар аударылған.

Ұлт жоспарында: «Екінші реформаның мәні тәуелсіз сот төрелігі мен Қазақстанның бүкіл құқық қорғау жүйесінің тек қана азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге, заңдарды қатаң орындауға және құқық тәртібін нығайтуға бағытталуы тиістігінде.

Оны заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету аясында жаңа Азаматтық іс жүргізу кодексі мен жаңа «Жоғары Сот Кеңесі туралы» Заң қабылданды. «Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңға, Қылмыстық-іс жүргізу кодексіне және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске қажетті өзгерістер енгізілді.

Бәрінен бұрын, жаңартылған заңнамалар қоғамның сот жүйесіне сенімін арттыруға ықпал ететін болады. Әділдік нақ сотта салтанат құратыны белгілі.

Қазақстан соттарын реформалаудағы темірқазық мәселе - сапалы судьялар корпусын жасақтау.

Судьялыққа кандидаттарды іріктеудің қатаң тетігі мен оларға қойылатын жоғары біліктілік талаптары заң тұрғысынан қарастырылған.

Сот төрелігін үлкен өмірлік тәжірибесі бар және жоғары моральдық ұстанымдарға ие ең лайықты әрі барынша дайындалған кәсіби шеберлер жүзеге асырулары тиіс.

Судьяларды іріктеу мен тағайындау үдерістері қоғам үшін мөлдір және ашық болады.

Осымен байланысты өзінің аппараты бар, құрамы мен өкілеттілігі кеңейтілген автономды мемлекеттік мекемеге айналатын Жоғары Сот Кеңесі түбегейлі реформаланды.

Сот реформасының маңызды қыры - сот төрелігінің бес сатылы жүйесінен үш буынды жүйесіне өту.

Тек бірінші, апелляциялық және кассациялық инстанциялар қалады. Бұл жерде көп іс қаралатын бірінші және апелляциялық инстанциялар соттарының рөлдері айтарлықтай күшейтілетін болады. Мұндай қадам соттық әуре-сарсаңның алдын алып, сот шешімін қабылдаудың мерзімін қысқартады.

Қазақстандағы сот төрелігі азаматтардың жеке өмірінің құпиялығына кепіл құқын есепке ала келгенде барынша ашық бола түседі.

Сот залдары сот істерін аудио және видеожазудың аппаратураларымен жарақтандырылады және жазбаларды қандай да бір тоқтатуға немесе редакциялауға мүмкіндік берілмейді.

Бұл судьяларды және сот мәжілісіне басқа да қатысушыларды тәртіпке шақырады, сот процесі мен сот қабылдаған шешімнің объективтілігін қамтамасыз етеді.

Сот жүйесін реформалау шеңберінде бірқатар институттық шешімдер жұмыс істей бастайды.

Біріншіден, Жоғарғы Сот жанындағы Сот жюриі түбегейлі қайта құрылады.

Сот жюриі азаматтардың судьялардың іс-әрекетіне және судьялық корпус өкілдерінің қабылданады деп күтіліп отырған Этикалық кодексті бұзу жағдайларына байланысты арыз-шағымдарын қарайтын болады.

Екіншіден, Жоғарғы Сот жанынан дауларды, оның ішінде, ірі инвесторлар қатысатын дауларды қарау үшін мамандандырылған алқа құрылатын болады.

Оның шеңберінде шетел инвесторларының құқын өздерінде туындаған құқықтық даулар бойынша сапалы әрі әділ шешу жүзеге асырылады.

Үшіншіден, қылмыстық іс жүргізу шеңберінде соттарда, оның ішінде сотқа дейінгі кезеңде, айыптау мен қорғау арасында теңгерім қамтамасыз етілетін болуы тиіс.

Бұған адамның конституциялық құқы мен бостандығын шектейтін тергеу судьясының барлық тергеу әрекетін санкциялау бойынша өкілеттіліктерін одан әрі қарай кеңейту есебінен қол жеткізілетін болады.

Төртіншіден, қазақстандық соттардың төрағалары - құқы теңдердің ішіндегі жолы кеңдері екенін ұмытпау маңызды.

Сондықтан олардың тарапынан басқа судьялар қабылдайтын шешімге ықпал ету мүмкіндігі мүлдем болмайды.

Бесіншіден, мемлекеттік сот орындаушыларын кезең-кезеңімен қысқарту арқылы жеке сот орындаушыларының институты одан әрі дамытылады.

Сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайтатын шаралардың маңызы ерекше.

Менің тапсырмам бойынша бүгінде құрметті зейнетке шыққан судьяларды зейнетақылық қамтамасыз ету бойынша барлық мәселелерін шешуді қарастыратын заң қабылданғаны белгілі. Бұл судьяларға бар күш-жігерін сот төрелігін барынша объективті атқаруға аудару мүмкіндігін береді.

Бұдан бөлек, бізге барлық құқық қорғау органдарының және бәрінен бұрын полицияның адамдардың мүддесі мен құқықтық тәртіпті нығайту қызметінде тұруына қол жеткізуіміз қажет.

Бұл үшін жергілікті билік органдары мен жергілікті қоғамдастықтарға есеп беретін жергілікті полиция қызметі құрылады. Осындай қызмет тұтастай Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше бірқатар елдерде өзін жақсы танытты.

Жергілікті полиция қызметінің қарауына қоғамдық тәртіп күзеті, тұрмыстық қылмысқа қарсы тұру, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен ұсақ құқық бұзушылықтарға атымен төзбеушілік мәселелері беріліп отыр.

Осы жаңалықтар жаңа заңнамада көрініс тапқан. Онда, сондай-ақ, азаматтардың этикалық нормаларды бұзған полициялардың үстінен түсірген арыз-шағымдарын қарайтын қоғамдық кеңестер мен өзге де консультативтік-кеңестік органдар жүйесін құру қарастырылған.

Сондай-ақ, «Қылмыстық құқық бұзушылық картасы» интернет-порталы құрылатын болады. Мұндай тетік әлемнің бірқатар елдерінде табысты қолданылып келеді. Осы веб-ресурсқа елдегі барлық қылмыстық құқық бұзушылықтар жедел енгізіледі. Бұл жұртшылықтың құқық қорғау органдары жұмысының тиімділігін бақылауына мүмкіндік береді.

Пенитенциарлық жүйені жақсарту көкейкесті мәселе болып табылады. Бұл жұмыс мемлекеттік-жекеменшік әріптестігін дамыту шеңберінде жүргізілуі тиіс.

Шетелдердің табысты тәжірибелері жеке секторды пенитенциарлық мекемелерді салу мен пайдалануға тарту жөніндегі шараларды жүзеге асырудың негізі болуы тиіс.

Сондай-ақ, бұған дейін заңнан аттап, сонысы үшін жазасын өтеген адамдарға көмек көрсету мен ықпал ету маңызды.

Бұл үшін әлеуметтік оңалту кешенді дамытылып, жазасын өтеп жатқан азаматтар үшін арнайы әлеуметтік қызмет көрсету стандарттары енгізілетін болады.

Тұтастай алғанда, Қазақстанда құқықтық мемлекеттің орнықтырылуы - біртұтас жаңғырту үдерісі аясында шешіліп жатқан біздің конституциялық міндетіміз. Белгіленген шаралар мен қадамдарды жүзеге асыру азаматтардың, сондай-ақ, шетел инвесторларының ұлттық сот және құқық қорғау жүйесіне сенімін арттырып, тұтастай алғанда, еліміздегі бизнес-ахуалды жақсартады» делінген.

 

 
Соңғы жаңалықтар