Судьяның құралы - заң, көздегені - әділдік
Сондықтан оның ең басты құралы - заң болса, көздегені қашан да әділдік. Жоғарыда аталған заңның 3-ші бабына сәйкес сот пен судьяға құрметтемеушілік білдіру жауаптылыққа әкеп соғады. Соған орай, Мемлекет басшысы «Әділ және сатылмайтын сот - демократиялық және құқықтық мемлекеттің аса маңызды негізі» деп, судьялар қауымына үлкен жауапкершілік жүктеді. Құқықтық мемлекет құруға ұмтылған егемен еліміздің ең басты жетістіктерінің бірі - Елбасы айтпақшы, соттар мен судьялардың тәуелсіздікке ие болуы. Осы тәуелсіздік нәтижесінде бүгінде елдің сотқа деген көзқарасы түзелді. Оған әділдікті соттан іздеген азаматтар қатарының жылдан-жылға көбеюі дәлел.
Судьялардың да халық сенімін ақтап, сот жүйесі алдындағы өзінің мәртебесіне сай бедел мен абыройға ие болу мақсатын алдыңғы қатарға қоятынын, сол үшін аянбай еңбек етіп жатқанын айта кеткен жөн. Өйткені, қоғам соттан әділеттілікті, заңдылықты, кәсіби біліктілікті, қызметте сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуді, яғни, мінсіз қызметті талап етіп отыр. Осы талап үдесінен шығу - біздің әрқайсысымызға сын. Сотқа басына іс түсіп, әділетсіздікке ұшыраған, құқығы бұзылған жандардың ғана келері анық. Сол себепті, оларға мейлінше әдептілік көрсетіліп, істі қарауға терең дайындық жүргізіледі.
«Судья әдебі» кодексінің нормаларын сақтап, заңды, әділ шешім қабылдау әр судьяның мемлекет, халық алдындағы парызы десек, артық айтқандық емес. Судьяларды Президенттің тікелей өзінің тағайындауы да біздің тәуелсіз қызмет атқаруымыздың кепілі. Бұл бізге әрқашан да заңды шешім шығаруымызға сенім береді. Бүкіл сот жүйесі мәртебесінің жоғары болуы үшін әрбір судья біріншіден, заңды да әділ сот шешімін шығаруға, екіншіден, жоғары әдептілік стандарттарды сақтауға, үшіншіден, соттың тәуелсіздігін нығайтуға, оны құрметтеуге, абыройын көтеруге бағытталған қоғамдық іс-шараларға белсене қатысуға міндетті.
Мемлекет басшысының судьялардың заңды бұзуын жұрттың бәріне жария етілетіндей төтенше оқиғаға теңеуі оларға қойылатын талаптың қандай деңгейде екенін аңғартса керек. Судья сот төрелігін іске асыру кезінде тәуелсіз және Конституция мен заңға ғана бағынады.
Заң қолданылғанда мына қағидалар басшылыққа алынады. Мәселен, адамның кінәсі заңды күшіне енген сот үкімімен ғана танылады. Сондай-ақ бір құқықбұзушылық үшін қайтадан қылмыстық немесе әкімшілік жауапқа тартуға болмайды. Заңсыз тәсілмен алынған айғақтардың заңды күші болмайды. Ешкім өзінің жеке мойындауы негізінде ғана сотталуға тиіс емес. Судья сотқа қатысушыларға өзінің пікірін, іс бойынша көзқарасын алдын-ала үрдіс барысында көрсетпеуі керек.
Әрбір сот шешімі Ата Заңға, сондай-ақ заң актілеріне сүйеніп шығарылады. Біз халықтың сеніміне заңды әрі әділ сот шешімдеріміз арқылы ғана ие боламыз.
Шиналханов