Суда мерт болғандар арасында бес жасқа толмаған балалар көп

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жыл басынан бері еліміздің су айдындарында 300 адам қаза тапты, оның ішінде бес жасқа толмаған балалар көп, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Суда мерт болғандар арасында бес жасқа толмаған балалар көп

Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин шомылу маусымының қорытындысы барысында мәлімдеді. 

«Жыл басынан бері су айдындарында 300 адам мерт болды, оның ішінде 90 бала бар. Өкінішке қарай, суда мерт болғандар арасында бес жасқа толмаған балалар көп. Ата-ана қарауынсыз қалған екі немесе үш жасар балалардың жеке аумақта қаза болу жағдайлары жиі кездесті», - деді Ю. Ильин Орталық коммуникациялар орталығында өткен баспасөз мәслихатында. 

Дегенмен, вице-министрдің айтуынша, судағы оқыс оқиғалардың алдын алу жұмыстары өз нәтижесін берген. 

«Өткен жылы 390 адам (126 бала) мерт болған еді. Яғни, біз жүргізіп отырған алдын алу жұмыстары оқыс жағдайлар мен адам шығынының азаюына септігін тигізді. Суда мерт болу оқиғаларының басым бөлігі Алматы облысында тіркелді, дегенмен биылғы көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда азайған. Батыс Қазақстан (+9 адам) және Павлодар (+7) облыстарында суға кеткендер саны көбейген», - деп атап өтті ол. 

Суда қаза табудың негізі себептері - өз күшін толық бағамдамау, қатты ағысқа төтеп бере алмау және аяқ-қолдың құрысуы болып отыр. Дәл осы себептермен 221 адам көз жұмды, оның ішінде 51 бала бар. 

Балық аулап жүріп, қауіпсіздік ережесін сақтамаған 25 адам мерт болған, оның екеуі - бала. Ата-ана қарауынсыз қалған 21 бала суға кеткен. Алкогольді ішімдік ішіп, суға түскен екі мыңға жуық адам жауапқа тартылды, одан бөлек 8 адам масаң күйінде шомылам деп ажал құшқан. 

«Алты адам, оның ішінде бір бала суға батқандарды құтқарамын деп көз жұмған. Әрине, ерлікке балайтын әрекет, бірақ бұл да өз күшін толық бағаламау болып саналады. Келесі шомылу маусымында БАҚ арқылы қоғамдық қозғалыстар мен ата-аналарды әзірлеуге күш саламыз», - деп өз сөзін түйіндеді Ю. Ильин.