Судан мен Эфиопия арасындағы дипломатиялық жанжал ушығып барады
АСТАНА. KAZINFORM — Судан билігі Гедареф қаласындағы Эфиопия консулдығын жабу туралы шешім қабылдап, дипломатиялық өкілдік қызметкерлерінен 48 сағат ішінде елден кетуді талап етті. Бұл туралы Kazinform Anadolu агенттігіне сілтеме жасап хабарлады.
Жергілікті БАҚ-тың мәліметінше, бұл шешім Эфиопияның бұған дейін жасаған әрекетіне жауап болған. Атап айтқанда, Эфиопия билігі Ассоса қаласындағы Судан консулдығын жауып, судандық алты дипломаттан дәл осындай мерзімде елден кетуді талап еткен.
Көрші мемлекеттер арасындағы дипломатиялық шиеленістің күшеюіне байланысты Хартум тарапы өзара жауап беру қағидаты негізінде осындай шара қабылдаған.
Судан мен Эфиопия арасындағы қарым-қатынас екі елдің қарулы топтарды қолдап отыр деген өзара айыптауынан кейін нашарлады.
Мәселен, Судан армиясы Көк Ніл штатында ел аумағына Эфиопия жақтан кірген болуы мүмкін ұшқышсыз ұшу аппаратын атып түсіргенін мәлімдеді. Алайда дронның кімге тиесілі екені нақтыланбады.
Бұған дейін Судан билігі Эфиопияны Жедел әрекет ету күштерінің (RSF) елдегі азаматтық инфрақұрылым нысандарына дронмен шабуыл жасауына өз аумағын пайдалануға берді деп айыптаған. Осыған байланысты Хартум БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі мен Африка одағының Бейбітшілік және қауіпсіздік кеңесіне шағым жолдаған.
Ал Эфиопия Суданды Тыграй аймағындағы көтерілісшілер топтарына қолдау көрсетті деп айыптап отыр.
Екі ел арасындағы шиеленісті күшейтіп отырған тағы бір мәселе — шекарадағы Эль-Фашага аумағына қатысты көп жылдан бері жалғасып келе жатқан жер дауы. Бұл өңірде бұған дейін қарулы қақтығыстар болған.
Еске салайық, бұған дейін Суданның Солтүстік Кордофан штатында қауіпсіздік жағдайының нашарлауына байланысты екі күн ішінде 4,2 мыңнан астам адам үйін тастап кетуге мәжбүр болғанын хабарлаған едік.