Суданда гуманитарлық жағдай қиындап барады
АСТАНА. KAZINFORM - 2023 жылдың сәуірінде басталған Судандағы соғыс әлемдегі ең жылдам ушығып бара жатқан гуманитарлық дағдарыстардың біріне айналды, деп хабарлайды Aljazeera.
Humanity & Inclusion ұйымының мәліметінше, бейбіт тұрғындардың, әсіресе мүгедектігі бар адамдардың жағдайы аса күрделі деңгейге жеткен.
Қақтығыс салдарынан 11,6 миллионнан астам адам босқынға айналған, ал 33 миллионнан астамы гуманитарлық көмекке мұқтаж. Сонымен қатар шамамен 3 миллион адам, негізінен ұрыс қимылдарының қарқыны бәсеңдеген өңірлерге, өз үйлеріне қайта оралған.
Судан халқының шамамен 16 пайызы немесе 4,6 миллион адам мүгедектігі бар жандар санатына жатады. Олардың жағдайы эвакуациядағы қиындықтар, көмектің жоқтығы және зорлық-зомбылықтан қорғану мүмкіндігінің төмендігі салдарынан одан әрі күрделене түскен. Бұған қоса, үйлеріне оралу процесі миналар мен басқа да жарылғыш заттардың қаупіне байланысты қиындап отыр.
Осыған дейін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Судандағы жедел әрекет ету күштерінің командирлеріне санкция салған болатын.