Судандағы лай көшкіні салдарынан мыңға жуық адам қаза тапты

АСТАНА. KAZINFORM – Суданның батысындағы Дарфур аймағында болған лай көшкіні салдарынан кемінде 1000 адам қаза тапты, деп хабарлайды Reuters.

Судандағы лай көшкіні салдарынан мыңға жуық адам қаза тапты
Фото: Reuters

«Суданды азат ету қозғалысы/армиясы» (Sudan Liberation Movement/Army) таратқан мәліметке сәйкес, 31 тамызда Марра тауларындағы Тарасин ауылында бірнеше күндік нөсерден кейін жер опырылып, елді мекенді түгелдей қиратқан. Қозғалыс өкілдері БҰҰ мен халықаралық гуманитарлық ұйымдарға қаза тапқандардың денелерін шығарып, көмек көрсету жөнінде жүгінген.

Ұйымның дерегінше, апаттан кейін ауылдың тек бір тұрғыны аман қалған.

Дарфурдың өзге аудандарынан әскери қақтығыстардан қашқан тұрғындар азық-түлік пен дәрі-дәрмек тапшылығына қарамастан, Марра тауларына қоныс аударған еді.

Судан армиясы мен Жылдам әрекет ету күштері (RSF) арасындағы қақтығыс жалғасып жатқан тұста, аймақтағы гуманитарлық жағдай күрделі күйінде қалып отыр.

Губернатор Минни Миннави лай көшкінін «гуманитарлық трагедия» деп атады.

Айта кетейік, ДДҰ Судандағы балаларға ашаршылық қатері туып тұрғанын ескертті.

Соңғы жаңалықтар