Судандық көтерілісшілер АҚШ-тың өтініші бойынша гуманитарлық бітімге келісті
АСТАНА. KAZINFORM — Судан территориясының жартысын бақылайтын жедел араласу күштері АҚШ пен бір топ араб елдерінің өтініші бойынша уақытша атысты тоқтатуға келісті. Судан билігі бұл ұсынысты әлі қабылдаған жоқ, деп хабарлайды ВВС.
Судан армиясы мен оның жергілікті одақтастары батысындағы Дарфур аймағындағы соңғы қала стратегиялық Эль-Фашер қаласын басып алғаннан кейін көп ұзамай гуманитарлық бітім жариялады.
БҰҰ-ның өтініштеріне қарамастан, гуманитарлық көмек 18 ай бойы қоршау кезінде Эль-Фашерге кіруге тыйым салынды. Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен құрылған бақылау тобы қалада ашаршылық басталғанын растады.
Эль-Фашерді басып алғаннан кейін, әскери топ қалада тұрғындарды жаппай өлтірді деген көптеген хабарламалар пайда болды. Алайда топ бұл айыптауларды жоққа шығарды. Бірақ ұйым мүшелерінің тәртіп бұзғанын, олардың кейбіреулері қамауға алынғанын мойындады.
Судан армиясы мен жедел араласу күштері арасындағы азаматтық соғыс 2023 жылдың сәуірінде басталды. Қақтығыс кезінде тараптар бірнеше рет атысты тоқтату туралы әртүрлі ұсыныстарға келісті, бірақ олардың ешқайсысы орындалмады.
Осы жылдың қыркүйегінде АҚШ Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы және Мысырмен бірге үш айға гуманитарлық бітімге келуді, одан кейін тұрақты атысты тоқтату және бейбіт өмірге біртіндеп көшу туралы келісімді ұсынды.
Осыған дейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Суданды ашаршылық жайлағанын айтып, дабыл қаққаны туралы хабарладық.