Суды тиімді пайдалану: фермерлерге арналған субсидиялар көлемі артты
АСТАНА.KAZINFORM – 2025 жылы елімізде су үнемдеу технологиялары 100 мың гектарға жуық аумақта енгізілді. Оның ішінде оңтүстік өңірлердегі жаңа аумақтардың көлемі шамамен 91,5 мың гектарды құрайды. Бұл туралы ҚР СРИМ Су үнемдеу технологияларын дамыту департаментінің директоры Берікбол Мәндібаев хабарлады.

Оның айтуынша, су үнемдеу технологияларын қолдану аясын кеңейту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, фермерлер үшін инфрақұрылым жүргізу кезінде ұңғымаларды бұрғылауға, сондай-ақ су үнемдеу технологияларын сатып алуға және орнатуға жұмсалған шығындарды өтеу үлесі 50 пайыздан 80 пайызға дейін арттырылған.
Сонымен қатар, су тарифінің құнына байланысты суару субсидияларына сараланған мөлшерлеме енгізілді.
– Мәселен, су үнемдеу технологияларын қолданатын фермерлер үшін субсидия мөлшері 60 пайыздан 85 пайызға дейін ұлғайса. Ал мұндай технологияларды пайдаланбайтын шаруалар үшін субсидиялау деңгейі 2024 жылы 50-75 пайыз аралығында болса, 2026 жылдан бастап 30-55 пайызға дейін төмендейді. Яғни, суды пайдалану кезінде суды үнемдеу технологияларын олданған шарулар үшін субсидия мөлшері бір қалыпта қалса, технологияны қолданбағандарға арналған қолдау көлемі жыл сайын азаяды, – деді Берікбол Мәндібаев.
Сала өкілі атап өткендей, су үнемдеудің тағы бір тетігі – лазерлік жоспарлау технологиясы. Бұл бағытта да жеңілдік жасалып, жабдықтың бір бірлігіне ең төменгі норматив талабы алынып тасталды.
– Лазерлік жоспарлау судың егіс алқабы бойынша біркелкі таралуын қамтамасыз етеді. Бұл – су басу мен құрғақ аймақтардың алдын алуға сеп. Соның нәтижесінде суаруға қажетті су көлемі азайып, су 20 пайызға дейін үнемделеді. Бұл әсіресе құрғақшылық жиі болатын өңірлер үшін өзекті. Аталған технология еліміздің күріш алқаптарында белсенді қолданылады, – деді департамент директоры.
Айта кетейік бұған дейін елімізде егістікті су үнемдеу технологияларымен суаруға бөлінетін субсидиялар саны артып келетінін жазғанбыз.