Судьяға құрметсіздік танытқан елорда тұрғыны бес тәулікке қамалды
АСТАНА. KAZINFORM — Сот отырысына қатысуы керектігі туралы хабарлама алған елорда тұрғыны судьяға қатысты құрметсіздік танытқан аудио хабарлама жіберген.

Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты судьяға құрмет көрсетпеді деген айыппен Л. есімді азаматқа қатысты істі қарады.
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Жоғарғы соттың ұйғарымы бойынша сот бақылауы шеңберінде Л-ға сот отырысына келу туралы хабарлама жолдаған. Хабарламаны алғаннан кейін Л. сот әкімшісі басшысының міндетін атқарушы мен сот отырысы хатшысының WhatsApp желісіне сот пен судьяға құрметсіздік танытқан аудио хабарламалар жіберген. Артынан аталған факті бойынша әкімшілік құқық бұзушылыққа қатысты іс қозғалды.
— Сотта Л. өзінің жеке пікір білдіргенін түсіндіріп, кінәсін мойындамады. Құқық бұзудың мән-жайы әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, сарапшының қорытындысымен, аудиожазбалармен, стенограммамен және куәлердің айғақтарымен сол сияқты істің басқа да материалдарымен расталды, — делінген хабарламада.
Сот барысында жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән-жай анықталған жоқ.
Елорда соты хабарлағандай, аталған жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық кодекстің 653-бабы 1-бөлігіне сәйкес ескерту, 20 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе 5 тәулікке қамауға алу жазасы көзделеді.
— Сот Әкімшілік құқық бұзушылық кодекстің 653-бабының 1-бөлігі бойынша Л-ны кінәлі деп танып, оған 5 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу түріндегі жазаны тағайындады, — делінген соттың шешімінде.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетсек, Астанадағы «Елорда Құрылыс Компаниясы» бөлімінің басшысы 10 жылға сотталды.