Суға кеткендердің саны 22%-ға азайды – ТЖМ

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда шомылу маусымының қорытындысы бойынша қабылданған кешенді шаралардың арқасында 276 адамның өмірі құтқарылды, деп хабарлады Төтенше жағдайлар министрлігі.

суға шомылу
Фото: ТЖМ

Ведомствоның мәліметінше, 2025 жылғы шомылу маусымында мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың үйлесімді жұмысы нәтижесінде қайғылы оқиғалар саны өткен жылмен салыстырғанда 22 пайызға азайған.

Елімізде су жағасында демалуға арналған 722 ресми орын ұйымдастырылды. Оның ішінде 245 коммуналдық, 464 жекеменшік жағажай және спорт пен туризмге арналған 13 арнайы алаң бар. Шомылуға тыйым салынған учаскелерге ерекше көңіл бөлініп, 5 021 қауіпті жерге 6 730 белгі қойылды. Сондай-ақ, 201 мобильді құтқару бекеті орналастырылды.

- Қауіпсіздікті күшейту мақсатында он өңірде жағалау сызықтары бейнебақылаумен қамтылып, жазбалар ТЖД кезекші бөліміне жіберіледі. Алматы мен Қонаев қалаларындағы коммуналдық жағажайларда жасанды интеллект көмегімен қауіпсіздік аймағының бұзылуы анықталып, дыбыстық ескерту дабылы қосылады, - делінген ақпаратта.

Алдын алу шаралары аясында Ішкі істер министрлігі және волонтерлердің қатысуымен 78 мыңнан астам рейд пен патрульдеу жүргізілді. Судағы тәртіп ережелерін бұзған 7 мыңнан астам азамат әкімшілік жауапқа тартылды. Сонымен қатар халықпен түсіндіру жұмыстары, алғашқы көмек көрсету сабақтары мен оқушыларға арналған тренингтер өткізілді.

Нәтижесінде шомылу маусымында 276 адамның, оның ішінде 85 баланың өмірі құтқарылды.

Айта кетейік, Жетісуда жаз мезгілінде 4 адам суға батып кеткен, оның екеуі бала.

Соңғы жаңалықтар