Суға шомылу маусымы: Абай облысында өзен-көлдерде мобильді топтар кезекшілік етеді
СЕМЕЙ. KAZINFORM – Абай облысында әкімдігінде өткен жиналыс барысында суға шомылу маусымына дайындық мәселесі талқыланды.

Өңірде алдағы жаз айларында су айдындарында халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатындағы іс-шаралар жоспары әзірленді. Қазіргі таңда қала, аудан әкімдіктері аумақтық ТЖД бөлімшелерімен бірлесіп, шомылуға тыйым салынған учаскелер мен орындарда ескерту белгілерін орнатып жатыр.

«Семей, Аягөз қалалары мен Жарма ауданы Қалбатау ауылында су жағалауларын қарауылдайтын және төтенше жағдайда шұғыл әрекет ететін 3 жедел құтқару бөлімшесі бар. Тұрғындар шомылу маусымы кезеңінде қауіпсіз демалуы үшін Семей қаласының Ертіс өзені мен Шүлбі су қоймасында мобильді топтардың кезекшілігі ұйымдастырылады. Алакөлде маусым айынан бастап облыстық ТЖД құрамында 5 адам, 1 техника, 2 қайық пен 1 катері бар құтқару бекеті ашылады», - деп хабарлады Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен.

Сондай-ақ аймақта балаларға жүзу дағдылары тегін үйретіледі. Ол үшін каркасты бассейндер сатып алынған.
«Шомылу маусымы кезінде қауіпсіздікті арттыру және оқыс оқиғаларды азайту үшін қалалар мен аудандардың әкімдіктеріне рұқсат етілмеген шомылу орындарына ескерту және тыйым салу белгілерін орнату тапсырылды. Семей қаласы мен Бесқарағай ауданының әкімдігі Ертіс өзені мен Шошқалы көліндегі жағажайларды абаттандыру жұмысын жүргізуі қажет. Сонымен қатар облыс басшысы Нұрлан Ұранхаев Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатовқа қалалық жағажайдағы мәселелерді шешуді тапсырды. Бұл бағыттағы жұмыстар бақылауда», - делінген ақпаратта.