Суға шомылудың қауіпсіздік ережесін бұзғандар қанша айыппұл төлейді

суға батты
Фото: Pixabay

АСТАНА. KAZINFORM – Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілі Ерасыл Сайпаш судағы қауіпсіздік ережесін бұзғандарға қандай айыппұл салынатынын айтты.

«Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 412-бабымен қарастырылған айыппұл бар. Оның мөлшері жеке тұлғаларға 7 айлық есептік көрсеткіш (25 844 теңге -ред.), кіші бизнес өкілдеріне 10 АЕК (36 920 теңге), орта бизнес нысанына 20 АЕК (73 840 теңге) және ірі кәсіпкерлерге 60 АЕК (221 520 теңге) көлемінде айыппұлдар қарастырылған», - деді ол орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

ТЖМ өкілі былтыр топпен суға кетудің бірнеше фактісі тіркелгенін де еске салды.

«Өкінішке қарай, былтыр шомылу маусымы кезінде топпен суға кетудің 4 жағдайы тіркелді. Яғни, антилидер ретінде Ақтөбе облысын келтіруге болады. Бір шомылу маусымында Ақтөбе облысында осындай 4 жағдай тіркелді. Салдарынан 9 адам қайтыс болған. Сонымен қатар Түркістан облысында бір мезетте 11 адам су батып қайтыс болғанын білесіздер», - деді Ерасыл Сайпаш.

Соңғы жаңалықтар