Суға шомылып жүрген балаларды дауыл көтерген ағаштар басып қалды, 20-сы ажал құшты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Гананың орталық бөлігінде суға шомылып жатқан жоғары сынып оқушыларын ағаш басып қалды. Олардың кем дегенде 20-сы қаза тапты, деп хабарлайды France Presse агенттігі.
Келеңсіз жағдай туристерге кеңінен танымал Кинтампо сарқырамасында орын алды. Ұлттық өрт сөндіру қызметі өкілінің хабарлауынша, жасөспірімдер шомылып жатқан кезде алапат дауыл тұрып, ағаштарды құлатқан.
«Олар суға түсіп жатқан мезетте жел көтеріліп, теңіз дауылы тұрған. Алапат дауыл бірнеше ағаштарды тамырымен көтеріп кеткен. Олардің бірнешеуі өзенде жүзіп жүрген балалардың үстіне құлаған», - деп мәлім етті өрт сөндіру қызметінің өкілі.
Мектеп оқушыларының басым бөлігі - оқиға орнында ажал құшты, ал екеуі кейінірек ауруханада көз жұмды. 11 зардап шегуші ауруханада жатыр. Олардың арасында жасөспірімдерді пойызбен алып келген мектеп әкімшілігінің қызметкері де бар.