Суицид тақырыбы БАҚ-та қалай жазылуы керек

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының статистикасы бойынша жер бетінде әрбір 40 секунд сайын бір адам өзіне қол жұмсайды. Ал Қазақстан суицид саны бойынша әлемде 20-орында тұр, соның ішінде 10-19 жастағы жасөспірімдер арасында 10-орынға тұрақтаған. Былтыр елімізде суицидке қатысты 3922 дерек тіркелген. Суицидтің алдын алу үшін не істеу керек? Жастар арасында өзіне қол жұмсау әрекеті неге көбейіп кетті? Сондай-ақ суицид тақырыбын БАҚ-та қалай жариялау керек? Бұл тақырып қалай жазылуы қажет? Міне, осы сауалдар төңірегінде жауап іздеп көрген едік. Толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының материалында.

Еліміздегі суицид деңгейі

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде жылына 700 мыңнан астам адам өзіне қол жұмсайды. Сондай-ақ мұндай қадамға баратындардың көбі дені сау азаматтар екені анықталған. Елімізде 2020 жылы суицидтен көз жұмғандар саны жол апаты мен жүрек ауруынан қайтыс болғандардан әлдеқайда көп тіркелген. Ресми дерекке сүйенсек, 2020 жылы 3 515 адам өзіне қол салса, ал 2021 жылы бұл көрсеткіш 3 922-ге жеткен.

Мамандардың айтуынша, Қазақстандағы суицидке қатысты статистика нақты емес. Өйткені біздің қоғамда өз-өзіне қол салғандарды немесе сол жағдайға әрекеттенгендерді айыптап, сыртынан ғайбаттау көп. Сондықтан көп жағдайда марқұмның жақындары өлім себебін суицидпен байланыстырмауға тырысады. Демек кей деректер арнайы статистикаға ілінбей қалуы әбден мүмкін.

Жасөспірімдер арасындағы суицид неге азаймай тұр?

Қазақстан суицид жасаудан, соның ішінде 15-17 жастағы жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол жұмсаудан соңғы 5 жылда әлем елдері бойынша алғашқы ондықта тұр. Мәселен, 2020 жылы жасөспірімдер арасында 143 суицид оқиғасы мен 306 суидид жасау әрекеті тіркелсе, 2021 жылы бұл көрсеткіш өсіп, 175 суицид оқиғасы, 375 өз-өзіне қол салу әрекеті болған. Бұл қоғамдағы әлеуметтік-тұрмыстық мәселелер мен балаларды қорғаудың тиімді механизмдерінің жетіспеушілігін айқындап отыр дейді мамандар.

«Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» қоғамдық қоры 14-29 жас аралығындағы 2 мың адамды қатыстырып, әлеуметтік зерттеу жүргізді. Нәтижесінде респонденттердің 20%-ға жуығы өз-өзіне қол жұмсау туралы бұрын ойлағаны анықталған. Әлеуметтік зерттеуге қатысқандар психикалық күйзеліс, қаржы тапшылығы, жалғыздық, ата-анамен тіл табыса алмау мәселелері суицид жасау туралы ойдың туындауына түрткі болғанын жеткізген.

Ғалымдар мен сарапшылардың соңғы зерттеу қорытындыларына қарағанда, жасөспірімдердің 17%-ы мектепте айына бір немесе бірнеше рет қысымға ұшырайды екен. Көбіне үйден тыс жерде зәбір көріп, оны ата-анасынан және мұғалімінен жасырып, өз проблемасымен жеке қалған бала ауыр психологиялық дағдарысқа ұшырап, стрестік жағдайды бастан кешеді. Оның салдары орны толмас оқиғаларға әкеледі.

Осы тұста жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсау әрекеттеріне бару себебі туралы Дағдарыс және төтенше жағдайларда психологиялық көмек көрсету бойынша сарапшы, психиатр-психолог Жанар Даненовадан сұрап көрген едік. «Жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауына әсер ететін бірнеше фактор бар. Бірақ ең маңызды фактор - баланың жеке басын құрметтемеу. Мұның түп негізі ата-ана мен бала қарым-қатынасында жатыр. Бала ең алдымен маңызды тұлға екенін сезіну керек. Ол үшін баламен үнемі жылы қарым-қатынаста, яғни онымен дос болуға тырысу керек»,- деді ол.

«Ата-ана мен баланың эмоционалдық байланысын ешбір материалдық байлық алмастыра алмайды»

Сарапшылардың зерттеулеріне сәйкес, суицидке баратын жастардың 73%-ы толыққанды отбасыдан шыққаны анықталған. Психолог маман Жанар Даненованың сөзінше, байлық, әл-ауқат ешқашан балаға деген сүйіспеншілік пен құрметтің көрсеткіші бола алмайды.

«Бақытты балалар өздеріне көңіл бөлініп, қамқорлық, сүйіспеншілік пен құрмет көрсетілетін жерде өседі. Көптеген отбасында ата-аналар баламен қарым-қатынасты материалдық төлеммен ауыстырып қойған. Көңіл бөлінбей қалған балалар өмірдің мәнін жоғалтып, жалғыздықты сезінеді. Яғни, ата-ана мен бала арасындағы маңызды эмоционалдық байланысты ешбір материалдық байлық алмастыра алмайды»,-дейді психолог.

Қазақстанда ер азаматтар 5 есе көп суицид жасайды

Бас прокуратураның Құқықтық статистика комитеті мәліметінше, әйелдерге қарағанда ер адамдардың 4-5 есе көп өзіне қол жұмсайтыны анықталған. 2021 жылы құқық қорғау органдары ерлер арасындағы 377 суицидтің ғана себебін анықтай алды. Құқықтық статистика комитетінің мәліметінше, 2021 жылы ең көп тіркелген факторлар жалғыздық (27%) және қаржылық қиындықтар (28%) болған. Samaritans агенттігінің талдауына сәйкес, ер адамдар әйелдерге қарағанда жалғыздықты көбірек сезінеді екен.

Мамандардың сөзінше, Қазақстанда өз-өзіне қол жұмсаудың тағы бір жиі кездесетін факторы - қарым-қатынастың үзілуі. Көбінесе ажырасу факторы орта жастағы ер адамдарды өз-өзіне қол жұмсауға итермелейді. Сонымен қоса сарапшылар суицидке әкелетін тағы бір маңызды фактор – экономикалық жағдай екенін айтады. Әлеуметтік-экономикалық жағдайы кедей ерлер жағдайы ауқатты ерлерге қарағанда он есе көп күйзеліске түседі. Жалпы Қазақстанда 35-54 жас аралығындағы ер адамдар өзіне қол жұмсауға бейім. 2015 және 2021 жылдар аралығында осы жас аралығындағылар барлық суицид жасағандардың үштен бірін құраған.

БАҚ-та суицид тақырыбының дұрыс берілуі қаншалықты маңызды?

Соңғы кезде өз-өзіне қол жұмсаған азаматтардың оқиғалары ақпарат құралдарында кеңінен жазылатын болып жүр. Бұл еліктеуден туындайтын суицидке әкелу қаупі бар дейді мамандар. Сондықтан суицид туралы ақпаратты берген кезде БАҚ қалай жариялайды, оның себеп салдары қандай болуы мүмкін екені жан-жақты саралануы тиіс. Психолог маман Жанар Даненованың пікірінше, балаларды осындай әрекетке итермелемеу үшін эмоционалды бояусыз, яғни нақты ақпарат қана көрсетілуі қажет.

«Өз-өзіне қол жұмсау туралы сөз болғанда, кей адамдар бұл оқиға оларға еш қатысы жоқ деп санайды. Біреулер осы жағдайды хайп ретінде пайдаланып, танымалдыққа ие болуға тырысады. Басқалардың қайғысын шын жүректен түсініп, сезінетіндердің саны өте аз. Ал ақпаратты оқыған балаларға ең қауіпті әсер ететін жағдай да осы. Өз-өзіне қол жұмсау әрекеті сол сәттегі қиын жағдайдың шешімі, яғни жалғыз жолы ретінде қабылдануы мүмкін»,-деді маман.

Бұдан бөлек журналист, мәдениеттанушы Әсия Бағдәулетқызы facebook парақшасында Sage Journals-тағы зерттеуге сүйеніп, суицид тақырыбын дұрыс жазудың қарапайым қағидаларын ұсынды. Ол кейбір журналистердің «вертер синдромы» туралы біле тұра, ақпарат жариялағанда өз жауапкершілігін сезіне бермейтінін жазды.

«Жұмыс бабымен психикалық саулық пен суицидтің алдын алу мәселесін біраз зерделедім дей аламын. Сондықтан әріптестеріме суицидті сенсацияға айналдыруға болмайтынын жеткізгім келеді. Яғни тақырыпқа «өзіне қол жұмсады», «асылып қалды» сияқты сөздерді шығару қауіпті. Сіздің аудиторияңыз тек қана төрт құбыласы түгел адамдардан тұрмайтынын түсіну керек. Жазбаңыз немесе сюжетіңіз алдынан шыққан әр адам әр түрлі психологиялық күйде болуы мүмкін. Ал мұндай айқайлап тұратын тақырыптар жай-күйі мәз емес адам үшін триггер болуы ықтимал»,-деп жазды журналист.

Сонымен бірге журналист марқұмға қатысты стигматизация жасау, яғни оған «буллинг құрбаны», «жоқшылық құрбаны» деп анықтама беру мүлде дұрыс емес екенін жазып, медиадағы этика мәселесін ұмытпауға шақырды. «Дәл қазір қанша адам жоқшылық не зорлық-зомбылық құрбаны болуы мүмкін. Сондай жағдайға түскен адам үшін суицид қиындықтан шығар жол болып қабылдануы мүмкін. Сонымен қатар марқұмның фотосын, аты-жөнін, жеке деректерін отбасы не жақындарының рұқсатынсыз жариялап, онсыз да қаралы жандарға жан жарасын үдетудің қажеті жоқ»,-деп жазды Әсия Бағдәулетқызы.

Айта кетейік, елімізде Денсаулық сақтау министрлігі былтырдан бері бүкіл өңірде кәмелетке толмағандар арасында суицидтің алдын алу бағдарламасын енгізе бастады. Бағдарлама 6 өңірде қарқынды іске асырылуда, арнайы сайтта (https://bilimfoundation.org/) жүйелі мониторинг жасалады. Кәмелетке толмағандар арасында суицидтің алдын алу мәселелері бойынша 2021 жылы 761 денсаулық сақтау маманы және 705 білім маманы (психолог) оқудан өткен. БҰҰ Балалар қоры (UNІCEF), UNAIDS қолдауымен Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы COVID-19 пандемиясы кезінде арнайы ақпараттық ресурс ашты. Бұл интернет-платформада қолжетімді кеңестер, сұрақтарға жауап, өзіне-өзі көмек көрсету туралы ақпарат бар.


Соңғы жаңалықтар