Сүлейменов дезинфляциялық әсерді күшейтуге бағытталған қосымша шараларды атады

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық банк дезинфляциялық әсерді күшейтуге бағытталған қосымша шараларды іске асыруды бастап кетті. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов айтты.

Тимур Сулейменов
Фото: Ұлттық банк

- Қалыптасқан жоғары инфляция мен болжамның қайта қаралуы ақша-кредит саясатының қазіргі қатаң деңгейін бұрын болжанғаннан ұзағырақ сақтау қажет екенін көрсетеді. Ақша-кредит саясатының тікелей құралдарынан бөлек, Ұлттық банк дезинфляциялық әсерді күшейтуге бағытталған қосымша шараларды іске асыруды бастап кетті. Біріншіден, бұл – тұтынушылық несиелеуді тежеуге бағытталған макропруденциялық шаралар. Бұрын айтқанымыздай, олар жеке тұлғалардың кредиті бойынша контрциклді капитал буферін енгізуді көздейді. Сонымен қатар Қаржы нарығын реттеу агенттігімен бірлесіп, микропруденциялық реттеу шаралары пысықталып жатыр. Мысалы, ең жоғары жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) төмендетілді. Бұған қоса, агенттік кепілсіз тұтынушылық қарыздың шекті мөлшерін шектеу және 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар тұлғаларға мұндай қарыздарды беруге тыйым салу секілді басқа да шаралар бойынша бірқатар микропруденциялық құралдарды іске асырды. Өз тарапымыздан, біз қосымша құралдарды нақтылау бағытында жұмысты бастап кеттік. Олардың қатарында борыш жүктемесінің коэффициенті (КДН) мен қарыздың табысқа қатынасы (DTI) бар. Қажет болған жағдайда бұл құралдар жүйелік тәуекелдерді төмендету және дезинфляциялық әсерді күшейту мақсатында қолданылады, - деді Ұлттық банк басшысы.

Оның айтуынша, екіншіден, минималды резервтік талаптар (МРТ) механизмі қатаңдатылады. Қазір бұл талаптар аймақтағы ең төмен деңгейде әрі инфляциялық қысымды күшейтетін әсерге ие. МРТ-ның қатаңдатылуы банктік жүйедегі артық өтімділікті тиімді түрде шектеуге, өнімсіз әрі инфляциялық қысым тудыратын секторларға бағытталатын ресурстар көлемін азайтуға, сондай-ақ нақты секторды несиелеу ісін жандандыруға ынталандырады. Осылайша, МРТ-ны түзету саясаттың дезинфляциялық әсерін күшейтіп қана қоймай, қаржыландыру ағындарының тұтынушылық пен бизнес-несиелеу арасындағы құрылымдық теңгеріміне ықпал етеді.

- Үшіншіден, Ұлттық банк алтынмен жасалатын операцияларды айналау механизмін қолдану әдісін жалғастырады. Мәселен, 2025 жылдың алғашқы бес айында Ұлттық банк осы механизм аясында ішкі нарықтан шамамен 1,2 трлн теңгені шығарды. Халықаралық нарықтарда алтын бағасы өскенін ескере отырып, біз бұл айналау операциясы осы жылдың ішінде қосымша 3,3-3,6 трлн теңгені стерилизациялауға көмектеседі деп болжаймыз, - деді ол.

Тимур Сүлейменов төртіншіден, Үкіметпен бірқатар бағыт бойынша бірлескен жұмыстар жүріп жатқанын айтты.

- Ең алдымен, фискалдық саясатты неғұрлым теңгерімді, проциклдік емес бағытқа көшіру маңызды. Біз алдағы жылдары Ұлттық қордан түсетін трансферттерге бюджеттің тәуелділігі азаяды деп болжаймыз. Бұл жиынтық сұраныс тарапынан болатын инфляциялық қысымды төмендетуге мүмкіндік береді. Мысалы, әлеуметтік-экономикалық даму болжамына сәйкес, 2026 және 2027 жылдары жыл сайын 2 трлн теңге көлемінде трансферт бөлу көзделген. Бұл шаралар жүзеге асқан жағдайда, инфляцияны төмендетуге ықпал етіп, жүргізіліп жатқан ақша-кредит саясатының әсерін күшейтеді. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы тапсырған инфляцияны бақылау жөніндегі кешенді шаралар жоспарын өзектендіру және күшейту де маңызды. Осы жағдайда тарифтік саясаттың қарқыны ерекше өзектілікке ие, - деді ол.

ҰБ төрағасының атап өтуінше, сумен жабдықтау, су бұру және электр қуаты сияқты бірқатар бағыттарда бағаның ұзақмерзімді өсу қарқыны жалпы инфляция мен қызмет көрсету саласындағы инфляциядан да асып түсті. Соның салдарынан реттелетін сектор қосымша баға қысымын қалыптастырып отыр.

- Біз тарифтік саясат параметрлерін қайта қарау мүмкіндігі бойынша Үкіметпен белсенді консультациялар жүргізіп жатырмыз. Бұл ретте, тарифтердің өсу қарқыны инфляциялық мақсаттармен үйлесіп, халықтың сатып алу қабілетін сақтауды қамтамасыз етуге тиіс деген ұстанымға басымдық беріліп отыр. Сонымен бірге біз инфрақұрылымды жаңғырту мен тарифтік реформаның қажеттілігін мойындаймыз – бұл қызметтердің сапалы әрі үздіксіз көрсетілуі үшін маңызды. Алайда мұндай шешімдер тиімділікке қатысты ашық бағалауға негізделіп, ақша-кредит және макроэкономикалық саясаттың мақсаттары мен олардың тұрақтылығымен өзара үйлесімді түрде қабылдануы керек. Ұлттық банк алға қойған өз мақсатын ұстана отырып, инфляцияны 5%-тік деңгейге қайтаруды қамтамасыз ету жолында әрекет етуге дайын. Қажет болған жағдайда саясатты қатаңдату шараларын қабылдауы да мүмкін. Бұл мақсатқа қол жеткізу тек қатаң монетарлық позицияны ғана емес, сонымен қатар, осыған дейін атап өткенімдей, барлық экономикалық саясат жүргізуші органдардың үйлесімді іс-қимылын қажет етеді, деді Тимур Сүлейменов.

Бұған дейін Тимур Сүлейменов криптовалютаға инвестиция салуға қатысты пікір білдірген еді.

Соңғы жаңалықтар