Сүлейменов Таяу Шығыстағы ахуалдың Қазақстан экономикасына әсерін атады
АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Таяу Шығыстағы ахуалдың Қазақстан экономикасына әсерін атады.
— Экспорттық түсімнің 50 пайыздан және бюджет пен Ұлттық қор кірістерінің 30 пайыздан астамы мұнай есебінен қалыптасады. Сондықтан, жалпы алғанда, мұнай бағасы өскен кезде экономикалық белсенділік артады, яғни мұнай-газ секторының ЖІӨ-ге қосатын үлесі тұрғысынан алғанда Ұлттық қор мен бюджетке түсетін түсімдерді көбейтеді. Бұл бірден бола салмайтындығы түсінікті. Мұнай нарығында келісімшарттар алдын ала жасалады. Мұнда көп нәрсе бұл әскери қақтығыстың қанша уақытқа созылатынына байланысты болады, — деді Тимур Сүлейменов Ұлттық банкте өткен брифингте.
Оның айтуынша, мұнай бағасының өсуі ішкі нарықта валюта ұсынысының артуына да ықпал етеді.
— Егер мұнай бағасы жоғары болып қала берсе, демек бұл экспорттық түсімнің өсетінін білдіреді. Экспорттық түсім көбейген сайын нарықта валюта ұсынысы да артады. Ал бұл басқа жағдайлар өзгермеген кезде теңгенің тұрақтылығын қолдайды, — деді ол.
Тимур Сүлейменов Таяу Шығыстағы әскери қақтығыстың әсері туралы сұраққа жауап бере келе, мұнай бағасы өсімінің экономикалық салдарда болатынын атап өтті.
— Әскери қақтығыс — бұл әрқашан да өте жаман. Бірақ оның экономикалық салдары бар. Бұл жағдайда мұнай бағасының өсуі Ұлттық қор мен республикалық бюджет кірістеріне оң әсерін тигізеді, — деді Ұлттық банк төрағасы.
Естеріңізге сала кетсек, Ұлттық банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п. т. дәлізімен жылдық 18% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады.
Дегенмен комитет базалық мөлшерлемені жылдың екінші жартысында төмендету мүмкіндігін қарастырмақ.