Сұлтанхан Аққұлы: 25 қазан Қазақстанның егемендігі қалпына келтірілген күн ретінде тойлану керек

Республика ұғымы қазақ мемлекеттілігінің тарихындағы Алаш республикасынан бастау алады. Алаштанушы ғалым Сұлтанхан Аққұлы Kazinform агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында осындай пайым айтты.

Сұлтанхан Аққұлы
Фото: С. Аққұлының жеке мұрағатынан

«25 қазан күнін Республика күні ретінде тойлағанда оны біз арада 70 жыл өткеннен кейін Қазақстан Республикасының егемендігін қалпына келтірген күн ретінде тойласақ, бүгінгі ұрпақ үшін оның тарихи маңызы зор болар еді. Неге десеңіз, тура 70 жыл бұрын, 1920 жылдың 25 тамызы Алаш Республикасын егемендіктен айырған күн болды. Өйткені, сол күні Кеңес Одағының көсемі, Ресей Федерациясының халық комиссарлар кеңесінің төрағасы В. Ленин кешегі Алаш Республикасының орнына Қырғыз Автономиялық Социалистік Республикасы құрылсын деген декретке қол қойды. Біз үшін ол егемендіктен айырылған күн болатын», - дейді ғалым.

Оның айтуынша, Алаш үкіметі 1917 жылдың 12 желтоқсанынан 1920 жылдың 25 тамызына дейін Алаш Ұлттық Автономиясы ретінде жұмыс істеді.

«ХХ ғасырдың басында «автономия» деген «дербес республика» деген сөз болатын. Ол болашақ Ресей Федерациясының субъектісі ретінде құрылған. Сол сияқты Украина, Беларусь, Кавказ, Әзербайжан Республикалары, Түркістан мұхтарияты, бәрі де болашақ Ресей Федерациясының субъектісі ретінде құрылған. Олар теңқұқылы субъектілер болды. Америка Құрама Штаттары дейміз ғой, сол сияқты болды. Ондағы «штат» сөзі орыс тіліне ағылшын тілінен дұрыс аударылмаған. Кейін сол қате ұғымды біз көшіріп алдық. «Америка мемлекеттерінің бірлестігі» деген мағына беретін ұғым болды. State деген - «мемлекет» деген сөз, «штат» емес», - дейді ол.

Алаштанушы қазақ мемлекетінің егемендігі алғаш рет 1918 жылдың басында жарияланды деп есептейді.

«Ресейдегі патша билігі құлағаннан кейін Алаш зиялылары Бүкілресей құрылтай жиналысын асыға күтті. Өйткені, 1917 жылы Ақмола, Семей, Орал, Сырдария, Жетісу облыстарында өңірлік съездердің бәрі болашақ құрылтай жиналысында Ресейді Федеративтік демократиялық республика етіп жарияласын деген талап қойды. 1918 жылы 6 қаңтар күні Кеңес үкіметінің билігін мойындағысы келмей, құрылтай жиналысын қуып тастаған күннен бастап болашақ Ресей Федерациясының субъектісі ретінде автономия болып құрылған Алаш Республикасы енді егеменді елге айналды. Өйткені, Алашорда үкіметінен басқа, одан жоғары билік болған жоқ. Сөйтіп, 1920 жылдың 25 тамызына дейін Алаш республикасы егеменді ел болып өмір сүрді. 1918 жылдың көктемінде Кеңес одағының өзімен бір-бірінің тәуелсіздігін, егемендігін мойындау туралы келіссөз жүргізе бастады. Оның ар жағында Самар Үкіметімен, Уфа директориясы бар, солармен Алаш Республикасының егеменді сыртқы саясатын жүргізді. Сондықтан 1990 жылғы 25 қазан күнін ұлттық егемендігімізді қайтадан қалпына келтірген күн ретінде тойласақ, тарихи маңызы болады», - дейді ол.

Сұлтанхан Аққұлы 1990 жылғы 25 қазандағы декларация формалды құжат болғанан айтады.

«Өйткені, Кеңес Одағындағы 15 республиканың ішінде 14-ші болып Егемендік декларациясын жарияладық. 1989-90 жылдар «Егемендіктің шеруі» деп аталды. Ол шеруді бастаған Кеңес Одағының ең кішкентай Республикасы Эстония еді. Ізінше Балтық жағалауында Латвия мен Литва, олардан кейін Әзербайжан, Грузия үн қосты. Ең масқарасы, Кеңес одағын империя деп алсақ, сол империяның кіндігі Ресейдің өзі 1990 жылдың 12 маусымында өзінің егемендігін жариялады. Ал біз тек 14-ші болып декларация қабылдадық. Бізден кейін тек қырғыздар ғана декларация қабылдады. Осының бәрін ескерсек, 25 қазанды 70 жылдан кейін егемендікті қалпына келтірген күн деп атап өтсе, тарихиы маңызы болар еді.
Қателеспесем, Кеңес Одағының 1975 жылғы Конституциясында оған мүше елдердің бәрі егеменді ел екені жазылған. Тіпті олардың одақ құрамынан бөліну құқығы да қарастырылған. Бірақ егемендік қағаз түрінде ғана, Конституцияда ғана өмір сүрді. Шын өмірде ондай мүмкіндік болған жоқ.
1989 жылы Эстноия бастаған «егемендік шеруіне» өзге одақ республикаларымен бірге Ресей егемендігін жариялағаннан кейін ғана әлгі Конституциядағы баптың күші пайда бола бастады. Бірақ ешқайсысы Кеңес Одағынан бөлінемін деген жоқ. Жалғыз Әзербайжан Республикасының құрамындағы Нахичеван Автономиялық Республикасы ғана Кеңес одағынан бөлінетінін жариялады. Олар Әзербайжанға әскер кіргізгені үшін сондай талап қойды», - дейді ғалым.

Алаштанушы Михаил Горбачевтің Кеңес Одағын қайта қалыптастыру идеясы болғанын да айтты.

«1990 жылы Кеңес Одағын қайта қалыптастырамыз деген идея пайда болған. М. Горбачевтің ол идеясына Молдова қарсы шықты. Кеңес Одағына енді кірмейтінін, Конституцияда көрсетілген құқықтарын пайдаланғысы келетіндерін мәлімдеді. Сөйтіп Егемендік декларациясын 1990 жылдың тамызында ең соңғы екі елдің бірі болып қабылдадық. 1991 жылдың 8 желтоқсанында Беларусь орманында 1922 жылы Кеңес Одағын құрған 4 республиканың үшеуі кворум болып, одақты ыдыратты. Осы одақтың метрополиясы болып отырған Ресей Тәуелсіздігін жариялағаннан кейін 8 күн өткізіп барып тәуелсіздікті жарияладық» - деп түйіндеді ғалым.

 

Соңғы жаңалықтар