«Сұлу Сырдан – Ұлы Абай еліне»: Қызылорда облысының өнер күндері Өскеменде жалғасты

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Абайдың 180 жылдығына арналған «Сұлу Сырдан – ұлы Абай еліне» атты Қызылорда облысының өнер күндері Өскемен қаласында  жалғасын тапты. Сырдың бойынан Ертіс жағасына сапар шеккен делегацияны облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бастап барды.

«Сұлу Сырдан – Ұлы Абай еліне»: Қызылорда облысының өнер күндері Өскеменде жалғасты
Фото: Қызылорда облысы әкімдігінен

Делегация құрамында Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Н.Байқадамов, Р.Рүстемов, М.Ергешбаев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Дүйсенбаев, аймақ ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар, симфония оркестрлері, «Сыр самалы» вокалды-аспапты, «Томирис» би ансамбльдері, хор ұжымы, басқа да өнерпаздар бар.

Шығыс Қазақстан облыстық филармониясына жиналған көрерменге өнерпаздар ән-жырдан шашу шашты. Аймақ басшысы ұлт руханияты мен мәдениетінің, әдебиеті мен өнерінің қайнар бастауындағы тұлғалар түлеген Шығыс жұртшылығына ізгі тілегін білдірді.

әкім
Фото: Қызылорда облысы әкімдігінен

– Өз заманынан көш ілгері ойлайтын Шәкәрім Құдайбердіұлынан «Сыр – Алаштың анасы» деген нақыл қалған. Қилы заманда, зұлматқа толы күндерде, ақтабан шұбырынды кезеңінде, ел ішін ашаршылық жайлағанда бүкіл қазақ баласы көш-керуенінің басын Сырға бұрып, Сырды анасындай паналаған. Сол себепті, Алашқа ана болған Сырдың қазақ үшін орны да, жөні де бөлек.

Күллі түркі әлемінің алтын бесігі саналатын Алтай төріндегі шырайлы шығыс өлкесі – түркілердің сана-сезімін қалыптастырған, рухани ұясында талай ұлы тұлғалар тәрбиеленген қасиетті мекен.
Ырыс аунап, құт қонған Шығыс Қазақстан – қазақ халқының жан-дүниесінің тереңдігін айқындайтын киелі өлке.

Шыңғыс тауының бөктерінде ұлы Абайдың 180 жылдығы Президентіміздің қолдауымен жоғары деңгейде атап өтілуі де осының айқын дәлелі. Мемлекет басшымыз «Ұлы Абай – біздің еліміздің мақтанышы ғана емес, әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Оның өлеңдері мен қара сөздері – ұлттық болмысымыздың айнасы» деген болатын. Баршаңызды қазақтың біртуар ұлы ақыны, «адамзаттың Абайы» атанған ағартушы, рухани реформатор Абай Құнанбайұлының жалпыхалықтық тойымен Сыр жұртшылығының, Өзімнің атымнан шын жүректен құттықтаймын, - деді Н.Нәлібаев.

Мерекелік басқосуда Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов сөз сөйлеп, өнер күндерін өткізуге қолдау білдірген облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевқа, атсалысқан өнерпаздарға алғысын жеткізді.

 «Сұлу Сырдан – ұлы Абай еліне»
Фото: Қызылорда облысы әкімдігінен

Концертте Қорқыттың сарыны қылқобыздан төгіліп, «Күлтегін» жырының үзіндісі орындалды, көрермен қошеметіне ие болған «Қорқыт–қобыз» әні шырқалды.

«Ұлы дала поэмасы» хореографиялық қойылымын қойған «Томирис» би ансамбліне ерекше құрмет көрсетілді.

 «Сұлу Сырдан – ұлы Абай еліне»
Фото: Қызылорда облысы әкімдігінен
 «Сұлу Сырдан – ұлы Абай еліне»
Фото: Қызылорда облысы әкімдігінен

Сыр сүлейлерінің толғауларына сусаған көрерменге Нұртуған жыраудың «Өсиеті», Нартай ақынның «Өздерің білер Нартаймын», Ақ Кете Шернияздың «Сөз сөйлейін бөлмелеп» термелері ұсынылды. «Бүлдірген», «Сұрша қыз», «Сырдың қараторғайы», «Ауылың сенің іргелі» сияқты халық әндері, әлемдік классиканың жауһар туындылары орындалды.

 «Сұлу Сырдан – ұлы Абай еліне»
Фото: Қызылорда облысы әкімдігінен

Еске салайық, кеше «Сұлу Сырдан – ұлы Абай еліне» атты Қызылорда облысының өнер күндері Абай облысында өтті. 

Соңғы жаңалықтар