Сумен қамтамасыз ету желілері баяу жөнделіп жатқан облыстардың тізімі жарияланды

None
Фото: gov.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елімізде сумен қамтамасыз ету желілерінің 60 пайызы жөнделді. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Ілияс Оспанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сумен қамтамасыз ету желілері бойынша 1,5 мың шақырымды жөндеу жоспарланған, оның ішінде 921 шақырым немесе 60,5% жөнделді. Басқа аймақтармен салыстырғанда төмен қарқын Маңғыстау облысында (19,6%), Алматы қаласында (21,3%) және Қызылорда облысында (35,2%) байқалды», - деді І.Оспанов Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, су бұру желілері бойынша 236 шақырымды жөндеу жоспарланған, оның ішінде 127 шақырымы немесе 53,8% жөнделді.

«Түркістан және Жетісу облыстарында жөндеу жұмыстары мүлдем жоспарланбаған. Жұмыстың төмен қарқыны Қызылорда (0%), Маңғыстау (4,8%) облыстарында және Астана қаласында (27,8%) анықталды», - деді вице-министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, алдағы жылу беру маусымына дайындығы төмен өңірлер аталды.

Сонымен қатар биылғы 7 ай ішінде 61 млн 700 мың тонна көмір өндірілді. Оның ішінде коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге және халыққа 3 млн 900 мың тоннаға жуық жөнелтілді.


Соңғы жаңалықтар