Сүңгуір болу үшін психологиялық және физикалық дайындыққа мән берген жөн - қызылордалық құтқарушы

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM - Қызылордалық сүңгуір-нұсқаушы және құтқарушы Мейрамбек Мұхамбетқалиұлы Жедел-құтқару жасағы саласында 20 жылдан астам уақыт жұмыс істейді. Облыстың су айдындарында адамдарды құтқару және суға батып кеткен адамдарды іздеп табу бойынша еңбек етіп келеді.

Водолазы проверили пляжи к купальному сезону в ВКО
Фото: ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті

Сүңгуір мамандығына қойылатын қандай талаптар бар ? Қиын сәттерде олар қалай шешім қабылдайды? Kazinform тілшісі кейіпкермен оның жұмысы жайында ой бөлісіп көрген еді.

- Сөз басында өзің жайлы кетсең. Қай өңірде дүниеге келдің? Бұл саланы таңдауына не себеп ?

Мейрамбек Мұхамбетқалиұлы
Фото: Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаменті

- 1979 жылы Жалағаш ауданында өмірге келдім. Бала кезімнен спортқа бейім болдым. Оның ішінде суға жүзу, жеңіл және ауыр атлетикамен айналысқан едім. Бұл мамандықты таңдауыма да спортқа жақындығым әсер еткен секілді. Сүңгуір мамандығы жөнінде білетін едім. Осыған байланысты ұсыныс түскенде көп ойланбастан төтенше жағдайлар саласына қадам бастым. Содан бері қаншама мәрте суға батып кеткен адамдарды іздеу жұмыстарына қатыстым. Сондай-ақ талай адамның өміріне араша болып қалған кезіміз бар. Айта кетсем, былтыр Халықаралық азаматтық қорғаныс ұйымының сүңгуірлерді даярлау стандарттарына сәйкес келеді деген «1-сыныпты сүңгуір» біліктілігін алдым. Аталған сертификатқа сәйкес енді халықаралық құтқару операциясына қатысуыма толық құқығым бар.

- Алғашқы іздеу жұмысына қатысқан кезің есіңде қалды ма? Сол сәтте қандай қандай сезімді басыңнан кешірдің? Қобалжу болды ма ?

- Менің алғашқы су асты іздестіру жұмысым Байқоңыр қаласында болды. Суға батып кеткен адамды іздестіруге барған едік. Су астынан ол адамды таптым. Алайда көңілімді аздап қобалжу болғанын жасыра алмаймын. Негізінде Сырдария өзенінің ағысы қатты болады. Сүңгуірлер дарияға түскен сәтте оның асты мүлдем көрінбейді. Сондай-ақ су астындағы ағаштар да жұмыс жасауымызға біршама кедергісін келтіреді. Әрбір іздестіру жұмысы қауіпті екені рас. Сол себепті жұмыс барысында су астын мұқият зерделеп, техникалық қауіпсіздік ережесін сақтап әрекет етеміз.

- Тұрғындар тарапынан қандай қауіпсіздік шаралары сақтала бермейді ?

- Қай кезде де әрбір адам өзінің өміріне жауапты екенін ұмытпауы тиіс. Өкініштісі, кейбір тұрғындар осындай қауіпсіздік ережесін сақтай бермейді. Мәселен, олар белгіленбеген аймақта суға түседі, өзен жағасына отбасы немесе достарымен демалуға барған уақытта спирттік ішімдіктерді пайдаланады. Соның салдарынан оның соңы өкінішке ұласып жатады. Оған қоса тұрғындар суға денесін қыздырмастан түсіп кетеді. Мұндай жағдайда аяғы және қолы тартылып, суға батып кету жағдайы тіркеледі. Сондықтан суға түсердің алдында денені сумен шайып, денені қыздырып алған артықтық етпейді. Бұл - адам өмір сақтаудың бірден-бір кепілі. Осы орайда көпшілктен арнайы белгіленген орындарда суға түсуді сұраймыз.

- Қаншама жылдан бері сүңгуір мамандығын атқарып келесің? Аталған мамандықты таңдауда қандай талаптарға көңіл бөлінеді ?

Мейрамбек Мұхамбетқалиұлы
Фото: Қызылорда облысының Төтенше жағдайлар департаменті

- Оны таңдаған адам ең алдымен писхологиялық және физикалық дайындыққа мән бергені жөн. Осы орайда әрбір талапкерді дайындайтын сүңгуір нұсқаушы мамандар болады. Қызметке келердің алдында сол мамандардың курстарында арнайы оқып, біліміңді және біліктілігіңді арттыруға мүмкіндік бар.

- Биыл еліміздің көптеген өңірінде болған су тасқыны кезінде қызылордалық құтқарушылар да белсенді қызмет атқарды? Облыс мамандары құрамында өзің де барып-қайттың ба ?

- Табиғаттың тосын мінезі бірқатар облыста жергілікті тұрғындарға қиындық алып келді. Бұл сәтте төтенше жағдайлар саласының мамандары да белсенді жұмыс жасады. Солардың қатарында мен де болдым. Бұл бағытта еліміздің төрт облысында еңбек еттік. Алдымен Қостанай облысына көмекке барсақ, одан кейінгі жұмыс Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Атырау облысында жалғасты. Аталған өңірлерде сексен күннен астам жұмыс жасап келдік. Жалпы, сүңгуір мамандығының жауапкершілігі өте үлкен екенін айта кетейін. Тәуліктің қай уақытында да оқиға болған жерден табыласың. Ауа райының жағдайына да қарауға ешбір негіз жоқ. Сол бір сын сәтте әріптестеріммен бірге тынбай еңбек еттік. Тасқын су салдарынан болған тосын оқиғадан келген залалды жоюға көңіл бөлдік. Қаншама тұрғынды қауіпсіз жерге көшіріп, малдарды аман алып қалуға тырыстық.

- Сүңгуірлер қанша жасқа дейін құтқару жұмыстарына қатыса алады ?

- Бізде ондай талап жоқ. Өйткені, біз азаматтық қорғаныс саласында қызмет атқарамыз. Сондықтан әзірге мұндай талаптар қарастырылмаған. Негізінде су астындағы іздестіру жұмыстары 45 жастан асқан сүңгуірлердің қан қысымы жағдайына әсер етеді. Осыған байланысты кейбір жағдайда мұндай жұмыстарға жастар көбірек жұмыс жасауына тура келеді.

- Сүңгуірлер киімі қалай бөлінеді? Оның өзі жеңіл емес екені байқалып тұрады.

Мейрамбек Мұхамбетқалиұлы
Фото: Қызылорда облысының Төтенше жағдайлар департаменті

- Біздің киіміміз жаздық және қыстық деп екіге бөлінеді. Сүңгуірдің тыныс алу аппаратымен қоса есептегенде олардың салмағы 35-40 келіге дейін жетеді. Айта кетерлігі, су асты авариялық құтқару жұмыстарын ұзақ уақыт жүргізуге арналған апарат «трёх болтовка» деп аталады. Оның да салмағы жеңіл емес.

- Әңгімеңе рақмет.

Соңғы жаңалықтар