Сүңгуір мамандығы ептілікті қажет етеді – қызылордалық маман
Қызмет барысы қауіп пен қатерге толы құтқарушы-сүңгуір мамандығы ептілікті, қайсарлықты, табандылықты қажет етеді. Сондықтан кез келген адам құтқарушы бола алмайды. Бұл жұмыстың қаншалықты ауыр екенін аңғартса керек. Кazinform суға батқан тұрғындарды іздеп-табуда жанкешті еңбек етіп жүрген, талай мәрте азаматтарды ажал аузынан арашалаған сүңгуір Ролан Әбдіқалықовпен тілдесті.

– 10 жылдан астам уақыттан бері Қызылорда облысы ТЖД Жедел құтқару жасағы РММ сүңгуірлік құтқару бөлімінің басшысы қызметін атқарып келесіз. Төтенше жағдайлар саласында жүргеніңізге 14 жылға жуықтапты. Тәжірибелі маман ретінде айтыңызшы, адамдар арасында суға кету оқиғасы елімізде неліктен жиі тіркеледі?
– Әр адамның өмірі – өз қолында. «Сақтансаң, сақтармын!» демекші, бірінші кезекте сақтанып жүруіміз керек. Дегенмен қауіпсіздік шараларына көңіл бермей, кей тұста оқыс жағдайларға ұрынып қалатынымыз жасырын емес.
Бізде суға түсуге болмайтын жерлерге шомылатындар көп. Біз осыған байланысты тұрғындар арасында жиі үгіт-насихат жұмыстарын жүргіземіз. Қауіпсіздік шараларына байланысты кеңес беріп, ескерту жасаймыз. Алайда, әлі де көпшілік арасында бұған немқұрайды қарайтындар азаймай тұр. Сондықтан кейінгі кезде тілсіз жаудың құрбанына айналушылар саны артты.
– Cуға түсуге байланысты тұрғындарға қандай қауіпсіздік ережелеріне баса назар аударған жөн? Осыған қысқаша тоқталып өтіңізші.
– Суға шомылған жақсы. Бірақ қарапайым ережелерді де сақтаған абзал. Ол үшін шомылатын арнайы орынды дұрыс таңдай білген дұрыс. Суға түсуге болмайтын белгіден аспаған жөн. Кейде тұрғындар тыйым салынған жерлерге шомылады. Ата-аналар балаларын суға шомылу кезінде қараусыз қалдырмауы керек. Ішімдік ішкен жағдайда суға түсуге болмайды. Әр адам осындай қарапайым ережелерді ескерсе, қауіптің беті де сейілер еді.
– Жедел-құтқару жасағының мамандарына қойылар талап қандай?
– Жедел-құтқару жасағының мамандары әрқашан оқиға орнына жылдам жетіп, төтенше жағдайдың алдын алуға тырысуы керек. Бұл – құтқарушылардың басты міндеті. Олардың әрқайсысы өз ісін жақсы білетін маманға айналуы тиіс. Өйткені құтқарушылардың тәжірибелі болғаны, жедел қимылдағаны, тез шешім қабылдай білгені өте маңызды. Басты талап – осы. Сондықтан біз мамандардың шеберлігін шыңдауға үнемі назар аударып отырамыз.

– Сүңгуір мамандығын таңдаған жастарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Қай мамандық түрі де асқан жауапкершілікті қажет етеді. Солардың арасынан құтқарушы мамандығын ерекшелеп айтуға болады. Біз сүңгуір, өрт сөндіруші болсақ та, төтенше жағдай саласында әмбебап түрде қызмет етеміз.
Әрбір төтенше жағдай – біз үшін үлкен сынақ. Онда дайындық, жауапкершілік, шеберлік таразыға тартылады. Әр сәттің бағасы бар. Қысқа уақыттың ішінде тез шешім қабылдауға міндетті екенің есіңнен шықпайды. Кейбір уақытта адам өмірін сақтап қалу үшін тәуекелге бел бууға тура келеді. Сын сағатта дұрыс шешім қабылдай білген жөн. Сүңгуір мамандығы ерекше ептілікті қажет етеді. Бұл салаға қызығатын жастар осыны ескергендері абзал.
Мен әрбір әріптесіммен бірлесе жұмыс істеуге көңіл бөлемін. Қызметімді атқару барысында талай мәрте азаматтарды құтқарып, олардың алғысына бөлене білдік. Біз үшін ол – үлкен мәртебе. Мерейімізді өсіреді. Халықтың алғысын алғаннан асқан марапат жоқ.
Әр төтенше жағдай барысында біз тиянақты жұмыс істеуге тырысамыз. Олай етпесең болмайды. Қолыңда адам тағдыры тұрғанын ұмытпау ләзім.

– Кейде өзеннен балық аулау барысында қиын жағдайға тап болатын тұрғындар кездеседі. Ол жөнінде не айтар едіңіз?
– Иә, күз немесе қыз мезгілінде балықшылардың қайықпен көл ортасында қалып қою жағдайы, көлікпен мұз үстінде жүру салдарынан суға бату оқиғасы тіркеледі. Мәселен, кейбір елдімекен тұрғындары баратын жеріне төте жолмен барғысы келеді. Алайда сол уақытта өзен үстіндегі мұздың қалыңдығы жұқа болып шығады. Жұқа мұз ауыр салмақтағы көлікті көтере алмауы ықтимал. Мұндай жағдайда төтенше оқиға туындап жатады.
Қызылорда облысы еліміздегі жылы аймақтар қатарына жатады. Қыс мезгілінің өзінде су айдындарында мұздың қалыңдығы жұқа болады. Сондықтан тұрғындардан сұрайтынымыз, баратын жерге қауіпсіз жолмен жетуге назар аударсаңыздар екен.
– Әңгімеңізге рақмет.