Сұңғыладан отандық өнім жасалмақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мойынқұм - Жамбыл облысының 43 пайызын құрайтын, тұрғындар сирек қоныстанған, флорасы мен фаунасы күрделі аймақ. Даласында ел аумағында көп ұшыраса бермейтін өсімдіктің түр-түрі өседі. Ал, жергілікті елдің мақтанышы саналатын - сортаңды сұңғыла (цистанхе). Қазақстанның басқа аймақтарында мүлде өспейді десе де болады. Сұңғыланың емдік қасиеттері жетерлік. Құрамында көмірсулар, янтарь қышқылы, иридоид, стероид, фенол, лигнандар бар. Оның тамырын дәрілік қасиетіне байланысты Қытай, жалпы Азия елдері медицинада жиі қолданады. Цистанхе бүйрек аурулары (нефрит, пиелонефрит, цистит), жыныс жолдары аурулары, бедеулік, несеп түтігі, несеп жолдарының ауруларын емдеуде жақсы әсер етеді. Жергілікті жерге қолданғанда қан айналымын реттейді, терінің ісінуін, ауруды басады. Мәселен, Қытайдың дәтүрлі медицинасында оны бедеулік, арқа және тізе сынуы, Ян бүйректерінің жетіспеуінен сіңір және сүйектің әлсіреуі, Цзин квинтэссенциясының және қанның азаюы, іштің қатуы секілді ауруларға қарсы пайдаланады.
None
None

Жалпы, сортаңды цистанхе - көпжылдық, көп немесе аз түкті, биіктігі 10-40 сантиметр болатын өсімдік. Сағағы жуан, гүлдері цилиндр секілді. Ол туралы журналист А.Құлтай былай деп жазады: «Бетпақдала мен Мойынқұм құмында көктем мезгілінде өсетін өсімдіктің бір келісін жергілікті жұрт 110 теңге бағамен өткізіп жатыр. Олардың айтуынша, бұл өсімдіктің тамырын Қытайдан келген азаматтар сатып алып, кейін оны өзімізге дәрі етіп сатады екен. Сұңғыла - Қытай, Тибет медицинасында бауыр ауруларын емдеуге таптырмас дәрілік шөп. 2006 жылы бұл өсімдіктің тамыры 15 теңгеге бағаланған екен» (massaget.kz). 1993 жылдан бері жылына 140-160 тонна сұңғыла шет жұртқа шығарылып отырған көрінеді. Соңғы кезде аспан асты елінде бұл шикізат түріне тапшылық туындап, 2000 жылы сұңғыла Қытайдың Қызыл кітабына енгізілген.

Қуаныштысы сол, емдік қасиеттерімен ерекшеленетін осы бір өсімдікті қайта өңдеуге жеке кәсіпкер, фармацевт маман Серғазы Қылышбаев құлшыныс танытып отыр. Ол сұңғыладан түрлі биологиялық белсенді қоспалар дайындап, сатылымға шығаруды көздейді. Фармацевтің айтуынша, стратегиялық шикізаттың елден шығарылуына тосқауыл қойылуы қажет. Енді тек одан жасалған өнімдерді экспорттауға жол ашылуы тиіс. «Өйткені, цистанхе - еліміздің байлығы, оны кәдеге асыруға өзіміздің де әлеуетіміз жетеді» дейді ол. Атап өту керек, бұл қазақ еліндегі сұңғыладан емдік препараттар әзірлейтін тұңғыш өндіріс болмақ.

- Бүгінде өндірісті бастауға жеткілікті мөлшерде шикізатымыз бар. Бірінші кезең - әзірлеу, сосын технологиялық жағынан өңдейміз және республика аумағында және шет елдерге сатылымға шығарамыз. Бизнестің қалай жүргізілетіні бастан-аяқ ойластырылған. Ал, инвестицияны мемлекеттік бағдарламалар арқылы тартуға мүмкіндік туды. Ол үшін «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша грант алдық. Аталған грант қаржысына өнімді ұсақтайтын және қораптарға, полиэтилен пакеттерге орайтын арнайы құрылғылар, зертхана жабдықтары сатып алынды. Бір жыл бойы цехтың құрылысын жүргіздік, - дейді кәсіпкер.

Фитоөнім қорабының фирмалық дизайны дайын. Серғазы Беденұлы шығарылатын фитошай, қоспа, ұнтақтардың құрамын өзі ойлап тапқандықтан, үш өніміне де инновациялық патент алған. Айтуынша, алдағы уақытта «Цистанхе» атты ұнтақ, «Мәңгілік», «Астана» сауда белгісімен емдік тониктер, қара шаймен, жалбызбен және көк шаймен араластырылған фитошай, түрлі өсімдік сығындыларын, цистанхемен қатар бал, балауыз, марал мүйізі, жалбыз қосылған емдік тұнбалар өндіріп, сатылымға шығармақ. Жалпы, сұңғыланың «әмбебап» өсімдік екендігін жоғарыда біршама айтып өттік. «Қылышбаев» кәсіпкерлігі шығаратын өнімдер антиоксидант, өт айдаушы, іш жүргізетін, ми жұмысын ретке келтіріп, есте сақтау қабілетін жақсартатын, простатит пен пилонефрит секілді ауруларды емдеуде өте пайдалы. «Содан болар, біздің өнімдерге қазірден сұраныс өте көп. Әсіресе ресейлік, жалпы шетелдіктер қатты қызығушылық танытуда. Жақын арада өндірісті іске қосамын» дейді Серғазы Қылышбаев.

Сұңғыланың пайдалы қасиеттерін тізіп шыққан соң қытайлардың біздің шөп-шаламға құмартуы тегін емес екен-ау деген ойға келесің. Жерімізде өсетін бағалы өсімдікті шетел асыра бергенше, оны кәдеге жаратқысы келетін іскер азаматтарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе, фармацевтикаға ерекше жаңалық әкелетін инновациялық жобаның жолы ашылар еді.

Жанат Қапалбаева

Соңғы жаңалықтар