?Сұңқар? шаруашылығы ауыл тұрғындарының жартысына жуығын жұмыспен қамтып отыр

ҚЫЗЫЛОРДА. Наурыздың 6-сы. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ - Қазір мемлекет тарапынан ауылды көтеруге барынша көңіл бөлініп отыр.
None
None
Елдегілерді әлеуметтік қолдауға бағытталған игілікті шаралардың бүгінгідей дағдарыс кезеңінде де жалғасуы болашақта ауыл тұрмысының түзелуіне сеп болмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Мәселен, Жаңақорған ауданында кешегі кеңестік дәуірде 7 егін шаруашылығымен, 5 мал шаруашылығымен, 2 көкөніс-бақша, жеміс-жидек өндірумен шұғылданатын бас-аяғы 14 шаруашылық болса, олар өз ішінен "балалап", қазір 684-ке жетті. Ауылдықтардың өз шаруашылығын дербес жүргізуге ұмтылуы заңдылық болғанымен, мұның екінші жағы кереғарлыққа ұрындыруда. Басында қомпиып, шаруа қожалығы болғандардың бірте-бірте ісі сұйылып, техникадан да, басқа да материалдық қордан жұрдай болғаны жетерлік. Телімге тиген жерін не өзі пайдалана алмай, не өзгеге бермей жүргендер де жетерлік. Кезінде "СОКП-ның ХХІV съезі" атын иемденген кеңшар орталығы Қаратөбе ауылында нақты кезеңде 34 шаруа қожалығы бар. Көбісінің «аты бар да, заты жоқ» есебі. Бірен-сараны ғана қауын егіп, жоңышқасын орып сатып, нәпақасын айырған болып жүр. Тек осындағы "Сұңқар" шаруа қожалығы ғана қарымды еңбек етіп келеді. Оның төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Құлмағанбет Исахановтың айтуынша, кеңшарда 1300 гектар инженерлік жүйеден өткен жер болса, "Сұңқардың" есебінде соның 400 гектары бар. Қалғандары оның игілігін көре алмай қалды. Себебі, өздерінің шамалары жетпейді. Инвестиция тартуға, несие алуға дәрменсіз. Жерді тиімді пайдалану үшін құрал-жабдығы, техникасы бар қуатты ұжым құру немесе ұсақ шаруашылықтар шаруаны одан әрі жүргізе алатын қуатты құрылымның қанаты астына кіруі қажет. Мәселен, осы Қаратөбе ауылы тұрғындарының жартысына жуығын жұмыспен қамтып отырған "Сұңқар" шаруа қожалығы өткен жылдың өзінде "Қамқоршы" несие серіктестігінен 13,5 млн. теңге алды. Сондай-ақ техникаларын жаңалап, алдағы уақытта су тапшылығына ұшырамау үшін жаңа су сорғыштары мен мотор алу қамына кірісті. Келер жылы аталмыш шаруашылық күріш көлемін 280 гектарға, күздік бидайды 190 гектарға, жаңа жоңышқаны 100 гектарға егуді жоспарлап отыр.
Соңғы жаңалықтар