Super Show. Creative Music Lab: төрт лейбл жаңа хит үшін бақ сынайды
АСТАНА. KAZINFORM — Jibek Joly телеарнасында отандық шоу-бизнеске жаңа есімдер мен тың музыкалық туындылар әкелуді көздейтін «Super Show. Creative Music Lab» реалити-жобасы көрерменге жол тартты.
Жоба аясында төрт музыкалық лейбл өзара бәсекеге түсіп, жаңа хит жасауға күш салады. Бұл туралы WHITE лейбл командасы бүгін Jibek Joly телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасында айтып берді.
Жобаның басты ерекшелігі — бәсеке тек орындаушылар арасында емес, олардың артындағы шығармашылық командалар арасында да өрбиді. Продюсерлер, әншілер, композиторлар мен аранжировка мамандары бірлесіп жұмыс істеп, музыкалық туындының алғашқы нұсқасынан бастап дайын әнге дейінгі бүкіл үдерісті көрерменге көрсетеді.
Төрт лейблдің әрқайсысын өзіндік музыкалық қолтаңбасы қалыптасқан продюсерлер басқарады. Қатысушылардың қабілеті, музыкалық талғамы мен командалық жұмысы сыналады. Жоба әр жексенбі сайын Jibek Joly телеарнасынан көрсетіледі.
Бұл жолы жобадағы WHITE лейблді белгілі музыкант әрі продюсер Ерболат Беделхан басқарады. Оның командасында жас әнші RIMMA, яғни Римма Ахметова және дыбыс режиссері, музыкалық өңдеуші Олжас Нұрғалиев бар.
Ерболат Беделханның айтуынша, жобадағы бәсекелестердің деңгейі жоғары. Командалар арасында миллиондаған тыңдарманы бар орындаушылар мен кәсіби вокалистер де кездеседі. Сондықтан музыкалық бағыт пен команданың өзара түсіністігі маңызды рөл атқаруы мүмкін.
— Біздің қарсыластарымыз өте мықты. Олардың арасында даусы керемет әншілер, хитмейкерлер, миллиондаған аудиториясы бар орындаушылар бар. Бұлар — кәсіби, тыңдарман сүйіп тыңдайтын өнерпаздар. Сондықтан бұл жобада музыкалық жанрдың да үлкен рөл атқаратынын ойлаймыз. Дегенмен, өз командамызға сенімдіміз. Бір-бірімізді жақсы түсінеміз, бір-бірімізге бауыр басып үлгердік. Арамызда кейбір мәселелер болғанымен, оларды сәтті шештік, — деді продюсер.
WHITE лейблдің әншісі RIMMA үшін бұл жоба — шығармашылық командамен жұмыс істеудің жаңа тәжірибесі. Римма бала кезінен музыкамен айналысқан. Бастауыш сыныпта фортепиано бөлімінде оқып, кейін вокалмен өз бетінше жұмысын жалғастырған. Әнші Тchaikovsky атындағы музыка мектебіне де түскен.
— Ата-анам мені бала кезімнен қолдап келеді. Бірінші сыныптан бесінші сыныпқа дейін Жұбанов атындағы музыка мектебінде фортепиано бөлімінде оқыдым. Кейін жалпы білім беретін мектепке ауыссам да, вокалмен айналысуды тоқтатқан жоқпын. Тоғызыншы сыныпта болашақ мамандығымды таңдағанда, «вокал» деп жаздым. Сол кезде сыныптастарымның ата-аналары күліп, әнші болуды кәдімгі мамандық деп қабылдамаған еді. Бірақ әкем менің музыкаға деген сүйіспеншілігімді білетін және маған сенетін. Мен ата-анамның толық қолдауымен өстім, — деді RIMMA.
Әншінің айтуынша, ол бала кезінен Britney Spears пен Ariana Grande әндерін тыңдап өскен. Қазақ эстрадасынан «КешYOU» тобының және Жанар Дұғалованың шығармашылығын жақсы көрген.
— Маған шығармашылық командамен, өзім «ағаларым» деп атайтын жігіттермен жұмыс істеу өте ұнайды. Әрине, бұл — стрессі көп жұмыс. Бірақ мен одан ләззат аламын. Ерболат ағамен бұрыннан таныспын, оның шығармашылығын жақсы білемін. Жоба аясында оны саналы түрде таңдадым, себебі музыкалық стилінің ерекшелігі маған жақын, — деді әнші.
Жобада әннің сахнаға дейінгі жолын көрсетуге дыбыс режиссерлері мен музыкалық өңдеушілердің қатысуы да мүмкіндік береді. Олжас Нұрғалиевтің міндеті — әннің дыбыстық құрылымын қалыптастыру, аранжировка жасау және шығармашылық шешімдерді жүзеге асыру.
Осылайша, «Super Show. Creative Music Lab» дайын әнді тыңдатумен шектелмей, оның қалай дүниеге келетінін де көрсетеді. Төрт лейблдің шығармашылық бәсекесі нәтижесінде қандай туындылар тыңдарман жүрегіне жол табатыны жобаның алдағы шығарылымдарында белгілі болады.
Бұған дейін Димаштың «AQERKE» әні халықаралық жазғы хит-парадтың үздік үштігіне енгенін жаздық.