Суперкомпьютер: 20 млн адамның орындайтын жұмысын бірнеше секундта бітіреді
АСТАНА. KAZINFORM — Суперкомпьютер біздің өмірімізді қалай жеңілдетеді? Назарбаев Университеті жанындағы Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтының атқарушы директоры «Президент Жолдауы: Қазақстан дамуының алдағы бағыттары» тақырыбында өткен отырыста осы сұраққа жауап берді.
— Өткен жылы біз KazLLM деп аталатын алғашқы ұлттық тілдік үлкен модельді жасап шығардық. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл ChatGPT-нің баламасы. Яғни, сіз алдымен мәтін енгізесіз, ал модель сізге мәтін түрінде жауап береді. Сұрақ-жауап, аударма секілді қызметтерді орындайды. Ол үшін 150 миллиард токен жинадық. Токен — бұл бір сөзге теңдестірілетін бірлік. Бұл шамамен бір жарым миллион кітапқа тең. Яғни, қазақ тіліндегі барлық деректер, интернеттен алынған барлық қолжетімді мәліметтер жиналды. Егер адам қолмен жинаса, әр сайтты қарап, әр сөйлемді бөліп алып, көшіру мен жинау үшін 10 жылдай уақыт кетер еді. Ал біз жәй ғана код жаздық. Ол код қазақ тіліндегі барлық KZ доменіндегі сайттарды қарап, деректерді жинап, базаға түсірді, — дейді Ербол Әбсаламов.
Маман осы ақпараттарды жасанды интеллектке енгізіп, оның түсінуі үшін небәрі 2 апта уақыт кеткенін айтады.
— Мысал ретінде айтар болсақ, бір жарым миллион кітапты оқу, түсіну, сараптау үшін қанша уақыт қажет? Мүмкін, 5-10 өміріміз кетеді. Ал бізге өткен жылы сынақ ретінде суперкомпьютердің ресурсын пайдалану мүмкіндігі берілді. Онда GPU видеокарталары мен чиптер бар. Олар секундына миллиардтаған операцияны параллельді орындай алады. Өндіріс қуатын петафлоппен өлшейді. Петафлоп — бұл 10-15 операцияны бір секундта орындау деген сөз. Қазақстан халқы — 20 миллион адам. Егер ай сайын біз оларға математика, химия, логика, физикадан тапсырмалар берсек, оны 2-3 минутта шешуі мүмкін. Үлкен кісілер 10-15 минут уақыт құртатын шығар. Ал балалар мүлде шеше алмайды. Ал суперкомпьютер болса, 20 миллион адамның барлығы орындайтын тапсырманы бірнеше секундта шешіп шығады. Міне, оның күші осында. Ол үлкен деректер көлемін өте жылдам өңдейді. Яғни, бір жарым миллион кітапты ол 2 аптада оқып, үйреніп, есте сақтады. Және қуаты артқан сайын, жұмыс жылдамдығы да соғұрлым жоғарылай береді. Қазақстанда суперкомпьютерлерді алғаш рет 2019 жылы пайдалана бастады. Қазіргі таңда бізде 3-ші буын суперкомпьютерлері бар. Министрлік пен Қазақтелеком биыл 5-ші буын суперкомпьютерлерін алып келді, — деді спикер.
Айта кетейік, бірнеше күн бұрын Германияда Еуропадағы ең жылдам суперкомпьютер іске қосылды.