Сүр ет қосылған наурыз көже қалай дайындалады

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Наурыз көженің ортақ мәні бір болғанымен, оны дайындау тәсілі әр өңірде әртүрлі. Петропавл тұрғыны Алма Жайсанова ұлттық тағамды анасынан үйренген дәстүр бойынша 30 жылдан астам әзірлеп келеді.

көже
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Алма Жайсанова облыстық балалар ауруханасында ұзақ жыл медбике болып жұмыс істеген. Ол наурыз көжені тоқсаныншы жылдардан бері үзбей дайындап келеді.

Оның айтуынша, бұл тағамның қатып қалған нақты рецепті жоқ — әр отбасы қалауына қарай түрлі дәм қосып дайындайды. Ең бастысы ол жетеуден кем болмауы тиіс.

а
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

— Наурыз көже үшін қазанға ең алдымен соғымнан сақталған ең дәмді мүшелер — қазы мен шұжық салынады. Біздің өңірде көктем келіп, шыбын-маса шықпай тұрған кезде етті сүрлеу дәстүрі бар. Сол себепті көжеге көбіне қайыңның түтініне ысталып, сап-сары болған сүр ет қосылады. Мұндай ет тағамға ерекше хош иіс пен дәм береді, — дейді Петропавл тұрғыны. 

Наурыз көжеге қосылатын дәмнің әрқайсысының өзіндік мәні бар. Алма Жайсанова көжеге ақ мол болсын деген ниетпен айран мен құрт қосады.

а
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Бұл — мал басы көбейіп, қой қоздап, сиыр бұзаулап, төліміз мол болсын деген ырыммен байланысты.

Ал астықты аймақ болғандықтан көжеге көбіне тары, бидай немесе арпа жармасы қосылады. Бұл көжені қою әрі құнарлы етеді.

а
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

— Мен көжеге арпа дәнін де қосамын. Қазақ ұғымында байлық пен береке ең алдымен наннан басталады. Нан — ақ дастарханның көркі, молшылықтың белгісі. Бұдан бөлек күріш пен тары қосылады. Тарының да қазақ дастарханында орны ерекше. Ақталған тары, жент, майсөк сияқты көптеген дәстүрлі тағамдар осы дәннен дайындалады. Сондықтан көжеге тары қосу — жыл бойына дастарханнан дәм кетпесін, көктемде еккен дән мол шықсын деген тілектің белгісі. Нәтижесінде наурыз көже қою әрі тойымды болып шығады. Наурыз көже ішкен адам жыл бойы тоқ жүреді деген ырым бар, — дейді Алма апай.

Тағы бір ерекше дәстүр — наурыз көжеден алдымен көрші-қолаңға ауыз тигізу. Бұл — береке мен татулықты, көршімен сыйластықты білдіреді.

а
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Бүгінде зейнет демалысына шыққан Алма Жайсанова ұлттық дәстүрді қадірлейтін отбасында тәрбиеленген. Оның ата-анасы қолөнермен айналысқан екен.

— Әкем қайыс пен күмістен ат әбзелдерін дайындап, тапсырыспен арба мен шана жасаған шебер болған. Анам да кесте тігіп, құрақ көрпе құраған. Осындай тәлім-тәрбие алғаннан кейін біз де ұлттық салт-дәстүрді сақтап, кейінгі ұрпаққа насихаттап келеміз, — дейді Алма Жайсанова.

көже
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Бұған дейін Ақмола облысында «Наурыз құпиялары» интерактивті квесті іске қосылғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар