Сурдо таеквондодан астаналық спортшы әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды
АСТАНА. KAZINFORM – Бішкекте есту қабілеті бұзылған спортшылар арасында таеквондодан II әлем чемпионаты аяқталды. Аталған додада Астана қаласының спортшысы Руслан Ахметов 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсіп, 2-орын иеленді. Бұл туралы елорда әкімдігінің сайты хабарлады.

«Қарысыластарым мықты болды. Бірнеше елдің спортшыларымен сынға түстім. Жетістікке жетуіме себепкер болған жаттықтырушыма алғыс айтамын. Ол маған үлкен үміт артып, алға қарай өрлеуіме себепкер болды. Бұл әлем чемпионатына бапкерім екеуміз 6 ай көлемінде дайындалдық. Соның нәтижесінде 2-орын алдым. Өте қуаныштымын. Алдағы уақытта тағы шыңдалып, ел намысын абыроймен қорғайтын боламыз. Бұл – тек бастамасы», - деді әлем чемпионатының күміс жүлдегері Руслан Ахметов.
Сурдо таеквондо – жазғы Сурдолимпиадалық спорт түрлерінің бірі. Есту мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған таеквондо жарыстары Халықаралық таеквондо федерациясының ережелеріне сәйкес өткізіледі. Жазғы немесе қысқы Сурдолимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарына, аймақтық чемпионаттарға және федерация мақұлдаған басқа да жарыстарға тек есту мүмкіндігі шектеулі және нашар еститін спортшылар қатыса алады.
Айта кетсек, байрақты бәсекеге әлемнің 20 елінен 190-нан астам спортшы қатысты. Қазақстан құрамасының сапында 22 спортшы бақ сынады.