Сурдодзюдошы: Әр жүлде – көпжылдық еңбектің жемісі

ОРАЛ. KAZINFORM – Батысқазақстандық сурдодзюдошы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Анастасия Тимошенкова үшін әсіресе, өткен жыл жемісті болды. Токио қаласында өткен XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарында әйелдер арасындағы командалық сайыста ел құрамасы сапында күміс жүлдегер атанған спортшы өзінің табыс-жетістіктері туралы әңгімелеп берді.

Анастасия Тимошенкованың жеке мұрағатынан
Фото: Анастасия Тимошенкованың жеке мұрағатынан

- Анастасия Владимировна, сурдодзюдоға бірден келдің бе, алдымен соған тоқталсаң?

- Спортпен 2018 жылдан бастап етене айналыстым. Әуелі жеңіл атлетикаға ден қойып, республикалық деңгейде жақсы нәтижелерге қол жеткіздім. Жеңімпаз атандым, жүлдегерлер қатарынан көріндім. Кейін 2022 жылы өзімді сурдодзюдода байқап көруге бел байладым. Бұл спорт түріне менің әлеуетімді байқаған жаттықтырушылар әкелді.

Менің бас бапкерім – Теміржан Хасанғалиев. Теміржан Сұлтанұлының басшылығымен техникамды жетілдіріп, мінез, шеберлігімді шыңдап, ірі халықаралық жарыстарға дайындалып келемін.

Анастасия Тимошенкованың жеке мұрағатынан
Фото: Анастасия Тимошенкованың жеке мұрағатынан

 

- Ендеше, сурдодзюдо несімен қызықтырады?

- Сурдодзюдо өзінің ерекшелігімен, тереңдігімен тартады. Бұл – тек күш пен дене дайындығы ғана емес, сонымен қатар тактика, әрекет етіп, қарсыласыңды сезіне білу. Бұл спорт түрі төзімділікке, тәртіпке және жауапкершілікке үйретеді. Мен үшін дзюдо – тұрақты өсу жолы деп білемін.

- Спорттық жолыңда біраз биіктікті бағындырып үлгерген боларсың?

- Мен сурдодзюдодан еңбек сіңірген спорт шеберімін. Қазақстандағы додаларды айтпай-ақ қояйын. 2023 жылы Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында өткен Азия – Тынық мұхит біріншілігінде 63 келіге дейінгі салмақта қола жүлдегер атандым. Кейін Малайзия астанасы Куала-Лумпурда Азия – Тынық мұхит ойындарында жекелей және командалық есепте екінші орыннан көріндім. Түркістан қаласында әлем чемпионатында үздік үштікке іліктім.

Ең басты табысым – 2025 жылы Токио Сурдлимпиада ойындарында командалық есепте күміс жүлдемен марапатталдым.

Әр жүлде – көпжылдық еңбектің жемісі, оқу-жаттығу жиындарының, бапкер мен команда қолдауының нәтижесі.

Анастасия Тимошенкованың жеке мұрағатынан
Фото: Анастасия Тимошенкованың жеке мұрағатынан

- Токио Сурдлимпиада ойындары жөнінде толығырақ айтып берсең?

- Сурдлимпиада ойындары – есту қабілеті бұзылған спортшылар арасында әлемде ең жоғары деңгейдегі жарыс. Бәсекелестік өте мықты болды, әр белдесу бар зейініңді салып, күшіңді сарқып жұмсауды қажет етті.

Командалық күміс мен үшін үлкен мақтанышқа айналды, бұл біздің жауапкершілігімізді танытты. Біз бір-бірімізді қолдап, аяғына дейін күрестік, соның арқасында жеңіске жетіп, ел үмітін ақтай білдік.

- Спортта кімге еліктеп, нені бағыт-бағдар тұтасың?

- Мен үшін бастысы – кешегіден гөрі бүгін жақсы болу. Мен көптеген спортшыларды құрметтеймін, дегенмен өз жолыммен жүргім келеді.

Анастасия Тимошенкованың жеке мұрағатынан
Фото: Анастасия Тимошенкованың жеке мұрағатынан

- Алда қандай маңызды жарыстар бар?

- Қазіргі таңда Қазақстанда өтетін Азия – Тынық мұхит біріншілігіне дайындалу үстіндемін. Бұл мен үшін маңызды, оның үстіне туған елімізде өтеді.

Басты мақсат – өз нәтижемді жақсартып, жеңістің ең биік тұғырына көтерілу.

Анастасия Тимошенкованың жеке мұрағатынан
Фото: Анастасия Тимошенкованың жеке мұрағатынан

- Қазіргі кезде оқып жүрсің бе, бос уақытыңда немен шұғылданып жүрсің?

- Орал жоғары гуманитарлық-экономикалық колледжін дене тәрбиесі және спорт мамандығы бойынша тәмамдадым. Күні бүгін жаттығулар мен өз спорттық жолыма көбірек назар аударудамын.

Бос уақытымда бабымды ұстап, денемді шыңдай түсу үшін фитнес-залға барғанды ұнатамын. Сондай-ақ фотографиямен, шығармашылықпен айналысамын, туыстарыммен уақыт өткізуге тырысамын.

Анастасия Тимошенкованың жеке мұрағатынан
Фото: Анастасия Тимошенкованың жеке мұрағатынан

- Жуырда облыс басшысының қолынан қос бөлмелі пәтер кілтін алдың. Бұл да қуанышты үстеген шығар?

- Шынымды айтсам, бұл өте әсерлі болды. Өз еңбегіңнің бағаланғанын түсінген кезде бұл одан сайын күш береді. Мен үшін бұл – тек баспана ғана емес, соншама күш-жігер, жаттығудың, жарақат пен жеңістердің құр кетпегенінің дәлелі.

- Соңғы сауал, өмірлік кредоң қандай?

- Менің кредом – жарықтың қараңғылықта туатынын ұмытпау, ешқашан ішкі тірегіңді жоғалтпау. Алдағы уақытта да өмірлік мақсат-мұратымнан танбай, өзіме тілекші ел-жұртымды жеңістеріммен қуанта берсем деймін.

Анастасия Тимошенкованың жеке мұрағатынан
Фото: Анастасия Тимошенкованың жеке мұрағатынан

Еске сала кетейік, бұдан бұрын батысқазақстандық бапкердің шәкірттерін олимп шыңынан көргісі келетінін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар
Референдум