Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін құру қашан аяқталады
АСТАНА. KAZINFORM — Отандық тракторлар мен комбайндар өндірісін қолдау күшейтіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Президент Жолдауын іске асыруды талқылау барысында Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлім етті.
— Агроөнеркәсіп кешенін және су ресурстарын жетілдіру саласында мал шаруашылығы, өнімді қайта өңдеу және сақтау бағдарламаларын ұзақ мерзімді қаржыландыруды қамтамасыз ету, сондай-ақ отандық тракторлар мен комбайндар өндірісін қолдау жоспарланып отыр. Келесі жылдан бастап барлық ауыл шаруашылық өндірушінің агрологистикалық орталықтардың инфрақұрылымына тең қол жеткізуі қамтамасыз ету жоспарланған, — деді Серік Жұманғарин.
Оның айтуынша, су ресурстарын басқару бөлігінде 2027 жылдың наурызында Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін құру аяқталады.
Бұдан бөлек министр инвестициялық саясат саласында 2027 жылы мемлекеттік органдар мен ұйымдар арасындағы функциялардың қайталануын жоюға, сондай-ақ инвестициялық жобаларды іске асыруға бірыңғай тәсілді қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін ұлттық инвестициялық саясат түбегейлі қайта қаралатынын айтты.
Бұған дейін хабарланғандай, бүгін Үкімет отырысында Мемлекет басшысының биылғы 28 қазандағы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының» жобасы мақұлданып, тиісті қаулы қабылданды.