Суретші Жеңіс Кәкенұлының «Амасия» атты туындысы Түрік Президентіне тарту етілді

денің 10-ы. ҚазАқпарат /Ерлан Қадыр/ - Жақында Түркияда, Халықаралық түркі мәдениеті мен өнерін бірлесе дамыту ұйымының  /ТҮРКСОЙ/  XII тәжірибелік зертханасында  суретшілердің халықаралық көрмесі өтті,
None
None

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Бұл зертханаға түркі тілдес мемлекеттердің 15 суретшісі келіп, тәжірибе бөліскен еді. Түркияның Самсун қаласында басталған бір айлық сапар кейін Амасия қаласында жалғасты.

Биылғы тәжірибелік зертхана   Мұстафа Кемал Ататүріктің 1919 жылы бастаған ұлт-азаттық көтерілісінің 90 жылдығымен тұспа-тұс келді. Қылқалам шеберлері Түрік мемлекетін аяғынан нық тұрғызып кеткен ұлы тұлға ұрпақтарының бүгінде  қалай тіршілік кешіп жатқандығының куәсі болды. Өз шығармаларына Қара теңіз жағалауын, Амасия тауларын, Анадолы тарихын арқау еткен суретшілердің бұл сапары тың туындылардың жарық көруіне жол ашты.

Небәрі он шақты жылдың ішінде ТҮРКСОЙ-дың сурет қорына мыңға жуық туынды жинақталды, бұған еліміздің суретшілері қосқан үлес те салмақты. Онда Қалиолла Ахметжанов, Ақтоты Смағұлова, Гүлмира Телғозиева, Бақытнұр Бүрдесбеков, Қанат  Нұрбатыров, Әйнеков секілді еліміздің талантты ұл-қыздарының қолтаңбасы  бар. Биылғы жылы Қазақстан тарапынан суретші Жеңіс Кәкенұлы таңдалды. Ол әріптестерін елден ала барған альбомымен таныстырды, ал осында екі-үш картинасын Самсун мен Амасиядай әсем қалалардың көріністеріне арнады.

Бір айға созылған тәжірибелік зертхана екі халықаралық көрмемен түйінделді. Жүз шақты, түрлі жанрдағы шығармалар қойылған көрмені Түрік Республикасының Мәдениет министрі, Самсун қаласының мэрі ашса, Амасия қаласында жалғасқан екінші көрменің тұсауын Түркия  Президенті Абдолла Гүл мен ТҮРКСОЙ-дың бас директоры Дүйсен Қасейінов  кесті. Осында жиналған жұртшылық, әсіресе, қырғыз суретшісі Жүсіп Матаевтың башқұрт елінен  келген Ринат Атауллинмен бірлесіп салған «Ататүріктің Ислам лидерімен кездесуі» картинасына құлай беріліп тұрды.

Ал ескі папирустың көшірмесін жасап, оған Түркия тарихын енгізген босниялық Жеко Ходжичтің,   чуваштық Праскивиттидің еңбектері кәсіпқой суретшінің көзқарасымен өлшенетін кесек дүниелер болатын. Бір-ақ айда жиырма бес картина салған өзбек суретшісінің де еңбекқорлығын атап өтуіміз керек.

Көрмені аралаған Түркия елінің басшысын Дүйсен Қасейінов суретшілермен таныстырып, олардың шығармасы жайлы қысқаша баяндап өтті. Соңында Абдолла Гүл мырзаға ТҮРКСОЙ-дың атынан суретші Жеңіс Кәкенұлының «Амасия» атты картинасын сыйға тартты.

Жергілікті халықтың суретшілерге ықыласы ерекше ауды. Бейнелеу өнері, әсіресе түсжазба /живопись/, бұрынғы посткеңестік елдердегідей дамымаған Түркия сол олқылықты шамасы келгенше толықтыруды мақсат еткені көрініп тұр. «Сурет академиясында дәріс оқып, осы жақтың пейзаждарын өзгеше бір қырынан салып көріңіздер», - деп қолқа салып та жатты олар.

Салу мәнері түрліше қылқалам иелері  Ыстамбул әуежайынан Түрік жерінде ТҮРКСОЙ ұйымы мәдениет пен өнердің әлем санасатын бір үлкен ордасын қалыптастырса дейтін жалғыз тілекпен аттанды.

Соңғы жаңалықтар