Су тасқынына дайындалмағанда қаншама адамымызды жоғалтып алар едік — ТЖМ
АСТАНА. KAZINFORM — Қазіргі уақытта да су тасқынына дайындық жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов айтты.

«Қазірдің өзінде су тасқынына нағыз дайындық үстіндеміз. Егер біз дайын болмаған күнде, Құдай сақтасын, шетелдегідей су тасқынынан қаншама адамымызды жоғалтып алар едік. Ал бүгінгі таңда шүкір деп айту керек, бірде-бір адам шығыны жоқ. Демек, күштер мен құралдардың дайындығы болды», — деді вице-министр Үкімет отырысынан кейінгі брифингте.
Сонымен қатар ол Арқалық қаласында тұрғындарды эвакуациялауға барған тікұшақтың жанар-жағармай болмағандықтан қаңтарылып тұрғаны туралы ақпараттың жалған екендігін айтты.
«Төтенше жағдайлар министрлігінде, әуежайларда тікұшақтарға жанар-жағармай құятын автокөліктер бар. Оларда жеткізу мәселесі болды. Себебі, кейбір жолдармен жүру қиындыққа соқты», — деді Бауыржан Сыздықов.