Су тасқыны: Бейнеу ауданында Құлсарыдан келген 2,5 мың адам орналасты
АҚТАУ. KAZINFORM — Бейнеу ауданының әкімі табиғи апат салдарынан Бейнеу ауданына уақытша паналауға келген Жылыой ауданының тұрғындарымен кездесіп, жағдайларымен танысты.

Қазіргі жағдай бойынша Құлсары қаласынан Боранқұл ауылына — 1694, Бейнеу ауылына — 932, Есет ауылына — 23, Ақтау қаласына — 324 адам жеткізілді.
«Боранқұл ауылында „Nobilis Corp“ ЖШС жатақханасында — 44 (29 бала) адам, „Керуен“ кэмпингі — 70 (30 бала) адам, „Шың“ кэмпингі — 10 (7 бала) адам, „ИнтерГазОрталықАзия“ АҚ „Опорный“ өндірістік басқармасының жатақханасында — 13 (7 бала) адам, „Опорный“ жалпы білім беретін мектебінде — 60 (34 бала) адам және Бейнеу ауылындағы „КАЖсервис“ ЖШС жылыту пунктінде — 26 (18 бала) адам орналастырылды, — деп мәлімдеді аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, Боранқұл ауылындағы «Боранқұл» жалпы білім беретін мектебінде — 130, «Қарақұм» жалпы білім беретін мектебінде — 50 орын, Сарға ауылында Бейнеу мектеп — интернатында — 37 және Бейнеу ауылы бойынша — 20 орын дайын тұрғаны мәлім болды.
Кеше су тасқынынан Жылыой ауданынды төтенше жағдай жарияланып, тұрғындарды эвакуациялау жұмыстары басталғалы бері 12 мыңнан астам жылыойлық қауіпсіз орынға көшірілді. Оның бес мыңы — балалар. Тұрғындар Атырау қаласына, Теңіз кенішіндегі вахталық қалашыққа және Маңғыстау облысының Бейнеу ауданына эвакуацияланды.
Осыған дейін Маңғыстауда Атырау облысындағы су тасқынынан кейін жедел желі қосылды.
Сондай-ақ, Су басқан Құлсарыдағы ауруханадан 77 науқасты Маңғыстау облысына апаратыны мәлім болды.