Су тасқыны кезінде қап тасыған Пшон атты иттің ескерткіші қайда қойылады
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысында былтырғы су тасқыны кезінде Пшон аталатын ит қап тасыған еді. Оны қараша айында атып кетті.

Итті асыраған отбасы Махамбет ауданының Сарытоғай ауылында тұрады. Иттің иесі Зәмзагүл Жаңабаеваның айтуынша, Пшонды күшік кезінен асыраған. Бірақ ол қабаған ит емес.
Ал Индер ауданында тұратын шебер Азамат Кенжеғалиев өзінің шеберханасында жұртшылықтың оң пікіріне арқау болған Пшонды кезекті архитектуралық туындысына арқау етті. Оны жүрек тектес темір бөлшектерінен құрастырған.
Қазір дайын туынды арт-шебердің шеберханасында тұр.
Атырау облысы әкімінің баспасөз хатшысы Руслан Жұмағазиевтің пікірінше, әзірге архитектуралық туындының қайда қойылатыны белгісіз.
— Аталған архитектуралық туындыны жасаған шебер әкімдікке хабарласты. Оған туындыны Махамбет ауданының орталығына қою туралы ұсыныс берілді. Алайда туынды авторы бұл ұсыныспен келіспей отыр. Ол туындысын Атырау қаласында орнатуды ұсынды. Оны облыс орталығына қоюдың мүмкіндігі жоқ. Осылайша, әзірге қашан, қайда қойылатыны жөнінде нақты шешім қабылданбады, — деп мәлім етті Руслан Жұмағазиев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зәмзагүл Жаңабаева күшік кезінен асыраған иті — Пшонның қабаған емесін айтқанын хабарлаған едік.
Кейін жергілікті шебердің Пшон ескерткішін жасауға кіріскенін жазған болатынбыз.