Су тасқынынан сақтандыру: Банктер мен қаржы институттары бұған мүдделі емес
АСТАНА. KAZINFORM — Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов табиғи апаттардан азаматтардың мүлкін сақтандыру моделін әзірлеу тапсырмасы қалай іске асып жатқанын түсіндірді.

Былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың мүлкін сақтандыру жүйесін одан әрі жетілдіру жолдарын қарастыруды тапсырған еді.
Бүгін Сенаттағы көктемгі су тасқынына дайындық мәселелері бойынша Үкімет сағатында депутат Бекбол Орынбасаров азаматтардың мүлкін сақтандыру моделін әзірлеу жөнінде сұрақ қойды.
— Мұнда компаниялар табиғи апаттардан келген залалды қалпына келтіруге жұмсалатын шығындардың едәуір бөлігін өз мойнына алады. Бұл мәселені мемлекеттік органдармен және жергілікті атқарушы органдармен қарастырып жатырсыздар ма? Қандай жұмыстар жүргізілуде? Жол картасы әзірленді ме? Бұл мәселені кейінге қалдыруға болмайды, — деді сенатор.
Өз жауабында Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы мүлікті сақтандыру мәселесі, соның ішінде су тасқыны салдарынан зардап шеккен мүлікті сақтандыру Қаржы министрлігінің құзыретіне кірмейтінін айтты. Бұл мәселе Ұлттық банктің құзыретіне жатады.
Ол Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов вице-премьер Қанат Бозымбаевтың қатысуымен сақтандыру мәселесі талқыланғанын, оған түрлі мамандар, тіпті Қаржы нарығын реттеу агенттігінің басшылығы да шақырылғанын жеткізді.
— Тиісті тапсырма беріліп, жұмыс тобы құрылды. Қазіргі уақытта сақтандыру моделін таңдау және әлемдік тәжірибені зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Себебі көптеген ірі банктер мен қаржы институттары бұл бағдарламаға қаражат бөлуге аса мүдделі емес сияқты. Осыған байланысты қиындықтар бар. Қазір Дүниежүзілік банк пен Азия даму банкімен жұмыс жүргізілуде, — деді ТЖ министрі.
Бұған дейін Сенат төрағасының орынбасары Жақып Асанов жыл сайын тасқынның себебімен емес, тек салдарымен күресе берсек, ешқандай бюджеттің ақшасы жетпейтінін айтқан еді.
Қазіргі уақытта елімізде су басу қаупі бар аймақтарда 1 223 елді мекен бар.