Сутегі тотығымен балаға клизма жасаған аурухана өтемақы төлейтін болды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандылық әйел балалар ауруханасының дәрігерлерінен 300 мың теңге өндіріп алды. Медицина қызметкерлері екі жасар балаға судың орнына сутегі тотығымен клизма жасаған, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Дәрігерлердің қателігіне қатысты сот талқылауы екі жарым жылға созылды.

Оқиға 2015 жылғы 15 қыркүйекте болған. Қарағанды облыстық балалар ауруханасының егу бөлмесінде медбике тазартылған су ыдысының орнына шатасып сутегі тотығы құйылған ыдысты алады. Сыртындағы жазуын оқымастан, сутегі тотығын аппаратқа жинап, балаға клизма жасайды. Баланың ауырсынудан шыңғырып жылағанына да мән бермеген. Бөлмеде отырған анасы медбикеден: «Не құйып жатырсыз?», - деп сұрайды.

Медбике бұл жай ғана су екенін, бала еркелеп жатқанын айтады. Бірақ көңілі толмаған ана кезекші дәрігерді шақырады. Ол да медбике барлығын дұрыс істеп тұрғанына сендірмек болады. Сол арада баланың тік ішегінен көбік шығып, артынша қанай бастайды. Ішектері бүрісіп, сутегі тотығы шашырайды. Сол кезде медбике қатесін түсінеді. Бала шұғыл түрде жансақтау бөліміне жатқызылады.

Анықталғандай, оған дейін дәл сол кабинетте медбике бес жасар қызға да сутегі тотығымен клизма жасаған. Екеуі де тоқ ішегі қабынып, жансақтау бөліміне жатқызылған. Бірақ қыздың ата-анасы медицина қызметкерлеріне кешіріммен қараған.

Баланың анасы полицияға шағымданады. Полиция қылмыстық белгілердің табылмауына байланысты істі жабады. Содан кейін әйел азаматтық тәртіппен шағым түсіріп, ауруханадан бір жарым миллион теңге өтемақы талап етеді.

«Талап ішінара қанағаттандырылды. Сот «Қарағанды облыстық балалар ауруханасы» КМК-ден 300 мың теңге көлемінде өтемақы өндіруді қаулы етті», - деп хабарлады Қарағандының Қазыбек би аудандық №2 сотының судьясы Айжан Дәрімбаева.

Аурухана өкілдері қызметтік тексерістен кейін екі медбике мен кезекші дәрігер жұмыстан шығарылғандығын айтып, әйелдің өтемақы өндіріп алу өтінішін қанағаттандырмауды соттан сұраған болатын.

 

Соңғы жаңалықтар